Күзгі шақырылымнан 11 460 сарбаз тегін оқуға ниетті – министрлік

Елімізде тегін оқығысы келетін сарбаздар саны артып келеді, деп хабарлайды Kazinform.

сарбаз
Фото: ҚазАқпарат

«Күзгі әскерге 17 253 сарбаз шақырылды. Оның ішінде Қорғаныс министрлігі 7354 сарбаз, Ұлттық гвардия 6402, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 3397 сарбаз. 17 253 сарбаздың 11 460 сарбаз оқуға түсуге ниет білдірді. Бұл 66,4 %. Ал әскери жоғары оқу орындарында оқуға 830 сарбаз ниет білдіріп отыр», - деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сарбаздардың дені мемлекеттік университеттерде оқығысы келеді.

«Биыл қыркүйектен бастап 2022 жылғы көктемгі әскерге шақырылған 600-ден астам азамат білім беру жеңілдіктерін алып, ЖОО-да оқуды бастады. Жеңілдетілген оқытуға үміткерлер әсіресе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, «Astana IT University» ЖШС мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне үлкен қызығушылық танытты, – деді ол.