Күзгі әскери шақырылымда 600-ге жуық астаналық өрендер жауынгерлер қатарын толықтырады
Биылғы жылы елордада 18-ден 27 жасқа дейінгі 6 200 азамат медициналық комиссиядан өтеді, соның 600-і мерзімді әскери қызметін өтеуге жөнелтіледі, деп хабарлайды astana.kz .
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, әскери қызметшілерді келісімшарт және шақыру бойынша іріктеу бөлімінің бастығы Ғани Артықовтың айтуынша, 600-ге жуық өрен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметі, сондай-ақ Ұлттық гвардияның әскери бөлімдер қатарын толтырмақ.
Негізінен, жастар Бас штабтың жоспарына сәйкес әскери бөлімшелерге жіберіледі. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, әскери борышы аяқталғаннан кейін жастардың шамамен 25 % ҚР Қарулы Күштерінің қатарында келісімшарт бойынша жұмыс істеуге қалады.
Айта кету керек, 2015 жылдың көктемгі шақырылымында 700 астаналық өрен әскер қатарын толықтырған болатын.