«Күзгі бағалар: жылдағыдан өзгеріс қандай?» – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 8-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Күзгі бағалар: жылдағыдан өзгеріс қандай?» – республикалық басылымдарға шолу

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге тұңғыш рет ресми сапармен келген Сербия Республикасының Президенті Борис Тадичпен келіссөздер жүргізді. Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекеттер басшылары шағын құрамдағы келіссөз үстеліне отырып, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және саяси әріптестікті жандандыра түсу бағытындағы перспективаларды талқылады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Өзара мүдделерге өріс кең» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Осы уақытқа дейінгі екі елдің қатынасына тоқталатын болсақ, ол өзара түсіністік пен сенімді әріптестік ахуалында дамып келеді. Әлемдік саясаттағы маңызды проблемаларда екі елдің ұстанымы ұқсас. Сербия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетін тұрақты түрде жақтап келген елдердің бірі және ол Ұйымның Астана Саммитін өткізуін де қолдаған мемлекеттердің қатарынан табылды. Екіжақты байланыстар шеңберінде серб жағы Қазақстан басшылығының Косово мәселесі жөніндегі позициясының тұрақтылығына ризашылық білдіріп отырады», делінген жоғарыдағы мақалада.

Қоңыр күз түсе бірқатар тауарлар бағаларының өзгерістерге ұшырайтыны дағдылы көрініске айналды. Сол әдет биыл да қайталанып отыр. Өкінішке қарай, бағаның төмендеуі емес, көбіне-көп жоғарылауы және кейде негізсіз жоғарылауы орын алып жатады. Олай болса, биылғы күздегі ахуал қандай? Бұл сауалға «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Күзгі бағалар: жылдағыдан өзгеріс қандай?» деген тақырыппен берілген топтамадан жауаптар табуға болады.

***«Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі Болат Нұрғалиевтің «Бітімгершілік жасаудағы басты рөл ЕҚЫҰ-ға да жүктелген» деген тақырыпта көлемді мақаласы берілген. Мақалада «Іс басындағы төрағаның арнайы өкілі немен айналысады, Кавказ қақтығысы қалай шешімін табуда, көршілердің келешегі қандай, Приднестровье күрмеуі қалай шешіледі?», деген сауалдардың жауабы қамтылған. «Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде территориялық тұтастық және мемлекеттік егемендік мызғымастығы принциптерін ұстанады. Бұл принциптер креативті интерпретациялауға жатпайды. Принциптер иерархиясында олар - өзін-өзі анықтау құқығынан да жоғары тұрады. Сонымен бірге адамдарды бір елде тұруға мәжбүр ету мүмкін емес жағдайлар туындайтынын түсінген жөн», деп жазады автор мақаласында.

«Бүгін 2012 жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің кезекті тур ойындары өтеді. Қарт құрлықтың барлық командалары жасыл алаңға шығып, өз өнерлерін паш етеді. Бүгінгі түн «жан алысып, жан беріскен» бәсекелерге толы болатынына еш күмән жоқ. Өйткені іріктеу жарысында бақ сынап жатқан үміткерлер көп. Ал «ЕУРО-2012» додасына қатысуға мүмкіндік беретін жолдамалар санаулы ғана», деп жазады «Айқын» газеті. Футбол жанкүйерлері басылымның бүгінгі санынан қауқарлы қарсыласымыз - Бельгия құрамасының әлемдік бәсекедегі жетістіктерімен жіті танысып, ұлттық құрамамыздың сапында алаңға кімдер шығатындығын біле алады.

***
«Атырау қыздары арабтардың етегінен ұстап жатыр»,
деп дабыл қағады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның жазуынша, қазір елімізде жыл сайын 100 мыңға жуық неке қиылады екен. Соның ішінде 20 пайызы - аралас неке. Қоғамдық ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес, 18-20 жас аралығындағы қазақстандық қыздардың үштен бірі, ал оның 50 пайызы қазақ қыздары, шетелдіктерге шығуға әуес. Өзге елдің еркегінің етегінен ұстау сонау 90 жылдардың басында байқалса да, әлі күнге де маңыздылығын жоғалтпай отыр. Себебі жоғарыдағы деректерден-ақ аралас неке санының артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл жайында білгіңіз келсе газеттің бүгінгі нөмірін қараңыз.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтан алынған сұхбат «Ауылға бір тамшы су тарту үшін миллиондаған қаржы керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген облыс әкімі: «Мені толғандыратын ең үлкен мәселе - діни ағымдар. Олар әсіресе жастардың санасын улап, ел бірлігіне іріткі салып, халқымызда жат мінездер пайда болды. Қазақтың қыз-жігіттері кішкене ойланып, өткеніне қарап барып қадамға барса. Әйтпесе дінге бөліну салдарынан ауған, Кавказ жерінде, Азияның кейбір елінде не болып жатқанын көріп отырмыз ғой. Бізде де басталған іштен ірітудің соңы күні ертең-ақ бірімізді бірімізге жат қылып, кері кетуге апарып тірейді», - депті. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз, келсе, басылымның жұма күнгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) сессиясы аясында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин бастаған Қазақстанның паралменттік делегациясы ЕКПА Төрағасы Мевлют Чавушоғлымен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында тараптар Қазақстан Парламенті мен ЕКПА арасындағы өзара іс-қимылдың қарқындылығын атап өтіп, парламенттік үнқатысу институттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын сөз еткен. Сондай-ақ елордада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті де әңгіме арқауына өзек болған. ЕКПА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл түркі әлемінің көшбасшысы болып табылатындығын баса айтқан.