Күзгі жиын-терін: Дихандар қанша өнім жинады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде диқандардың биылғы егіс маусымын қалай аяқтап жатқаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 15,9 млн гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе жалпы егін жинау алаңының 99,5%-ы жиналды. Орташа түсімділігі гектарына 13,5 центнер болған кезде 21,5 млн тонна астық бастырылды. Айта кету керек, 2021 жылы осы егін шығымы гектарына 10,1 центнер, жалпы түсім 15,8 млн тонна болған. Яғни, биыл 26,5% артық өнім алынып отыр. Дақылдар бойынша, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар бөліністе қарайтын болсақ, онда 12,8 млн га бидай толық жиналып бітті. Түсімділігі гектарына 12,6 центнерден айналып, 16,2 млн тонна болды», - деді Бағлан Бекбауов.
Айтуынша, биыл майлы дақылдардың да шығымы жақсы болатын түрі бар.
«Майлы дақылдарға тоқталсақ, 1,9 млн га алқап орылды немесе егін жинау алаңының 55,7%-ы жиналды. Түсімділік – гектарына 7,8 центнерден. 1,5 млн тонна таза өнім алынды. Картоп бойынша 185,1 мың гектар алаңнан немесе жоспарланған алаңның 93,8%-ы жиналды. Түсімділік гектарына 204,8 центнер болды. Көкөніс дақылдары 161,2 мың гектар алаңның немесе жоспарланған алаңның 93,4%-ы жиналды Жалпы алым гектарына 288,6 центнерден айналып, 4,6 млн өнім түсті. Жалпы биылдғы көрсеткіштер туралы былтырғыға қарағнада «шүкір» деп айтса болады. Біраз жақсы қорытынды көрсетіп отыр», - деді вице-министр.
Фото:gov.kz