Құзырлы органдар заң бұзған мекемелерге айыппұл салудан бас тартып отыр - Бас прокуратура
Бұны бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның келтірген мысалдары бойынша, Талдықорған-Текелі бағытындағы күре жолдың қалыңдығы 6 сантиметр болуы керек болса, тексеру барысында оның қалыңдығы 3 сантиметр екендігін анықталды. «Тап осындай кемшіліктер Жамбыл облысының «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» бағытындағы жол бойында да орын алған. Аталмыш жолдарды жөндеу кезінде жіберілген кемшіліктерді жою үшін 17 миллион теңге қажет болып отыр», деді ресми өкіл.
Оның мәліметтеріне қарағанда, мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелерді талапқа сай орындай алмауына қарамастан, оларға тапсырыс берушілер келісім талаптары негізінде ешқандай айыппұл салмаған. «Айтылық, Ақтөбе облыстық әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Шұбарқұдық-Елек» бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын талапқа сай орындамағандығына және мерзімінде бітірмегендігіне қарамастан,«Пилон-МС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,5 миллион теңгенің айыппұлын салмаған», деді Н.Сүйіндіков.