Кванттық байланыс арнасы арқылы алғаш рет сурет телепортацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық физиктер ондаған параллель кванттық байланыс арнасын құрып, олар арқылы көптеген кванттық нысанды телепортациялауға мүмкіндік беретін әдіс әзірледі. Бұл туралы Physical Review Letters ғылыми журналы жазды.
Ғалымдар жоғарыда айтылған технологияның көмегімен алғаш рет бір кванттық байланыс сеансы кезінде кескінді телепортациялады. Зерттеу нәтижелері Physical Review Letters ғылыми журналында жарияланды.
– Ауқымды әрі икемді «кванттық интернет» құру үшін кванттық ресурстарды параллель әрі бір-бірінен бөлек байланыс арналары арқылы алмасуға мүмкіндік беретін технологиялар қажет. Біз алғаш рет жүз түрлі кванттық күйді телепортациялап, кеңістікте бөлінген ондаған кванттық байланыс арнасын қалыптастыратын қайта конфигурацияланатын оптикалық жүйе арқылы оларды оқи алдық, – деп жазды зерттеушілер.
Кванттық телепортация – кванттық деңгейде «шырмалған» микробөлшектердің арақашықтыққа қарамастан бір-біріне кванттық күй туралы ақпаратты жеткізуіне мүмкіндік беретін физикалық құбылыс. Бұл құбылыс оптикалық және ғарыштық байланыс желілерінде бұрыннан зерттеліп келеді. Алайда осы уақытқа дейін телепортация негізінен жекелеген жарық бөлшектері немесе басқа кванттық нысандар арқылы жүзеге асырылған.
Бұл шектеуді еңсеру үшін Шанхайдағы Шығыс Қытай педагогикалық университетінің профессоры Цзин Цзетай бастаған физиктер тобы бір кванттық байланыс арнасы арқылы көптеген кванттық күйді параллель тасымалдауға мүмкіндік беретін әдіс әзірледі.
Технология кванттық компьютерлерде атомдардан «торлар» құру үшін бұрын қолданылған тәсілдерге, сондай-ақ голографияда пайдаланылатын оптикалық құрылғы – кеңістіктік жарық модуляторына негізделген.
Оның көмегімен ғалымдар кванттық «шырмалған» бөлшектерді жасауға пайдаланылатын жарық сәулесін бір-бірінен тәуелсіз 100 арнаға бөлген. Әр арна бір оптикалық талшық арқылы кванттық ақпаратты жеке тасымалдай алады.
Осылайша бір байланыс сеансында жүздеген бөлшекті бір уақытта телепортациялауға мүмкіндік туған. Ғалымдар осы әдісті пайдаланып, тарихта алғаш рет көлемі 10×10 пиксель болатын кескінді кванттық арна арқылы телепортациялады.
Тәжірибе кескіннің сәтті телепортацияланғанын растады. Зерттеушілердің пікірінше, бұл қолданыстағы құрылғылардың көмегімен кванттық байланыс арналары арқылы ақпарат жеткізу жылдамдығын жүз есе арттыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Болашақта мұндай құрылғыдағы «пиксельдер» санын едәуір көбейтуге болады. Бұл кванттық желілердің өткізу қабілетін одан әрі арттырып, олардың жұмысында телепортация технологиясын кеңінен пайдалануға жол ашуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін биыл маусым айында жаңа буынның кубит сенімділігі 1000 есе артық кванттық чипі таныстырылғанын жаздық.