Квазимемлекеттік сектор игерілмеген қаржыны бюджетке қайтаруға міндеттеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Квазимемлекеттік сектордың субъектілері игерілмеген қаржыны бюджетке қайтаруға міндеттеледі. Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінге дейін квазисектордың инвестициялық жобаларын жүзеге асырудан қаржы қалдықтарын бюджетке қайтару мәселесі шешілмеген. Біз осы тақырыпты тыңғылықты талқыладық. Бұл ретте сенаторлар біз жыл сайын квазимемлекеттік секторды қолдауды жалғастырып келе жатқанымызды айтқан болатын. Ал мемлекеттің экономикалық мәселелерін шешуде салынған ресурстарға қайтарым қаншалықты сәйкес келетіндігі шынымен де сұрақ тудырады», - деді Н. Годунова.
Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы есептелген дивидендтер мен аударымдар көлемі таза табыстан 6 пайызға дейін төмендеді.
«Дегенмен де Есеп комитетінің жобаларды іске асыру деңгейіне қарай квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржыны кезең -кезеңмен бөлу туралы ұсыныстары әзірге орындалмады. Сонымен қатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне секілді нәтижеге негізделген бюджеттеу ұстанымы бойынша қаржыландыру тетіктерін бекіту нұсқаулары да іске асырылмады», - деді Н. Годунова.
Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов квазимемлекеттік сектор пайдаланбаған қаржыны бюджет еншісіне қайтару тетіктері пысықталып жатқанын атап өттін.
«Аталған түзету ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобында қарастырылып жатыр», - деді вице-министр.