Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулар тәртібі күшейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алуының бірыңғай ережесін бекітетін болады. 

Бұл туралы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Бауыржан Тортаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасының тұжырымдамасы квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алуларын заңнамалық реттеу бойынша түзетулерді қарастырады. Осы ретте квазимемлекеттік субъектілер сатып алулары бойынша бірқатар негізгі мәселені бекіту ұсынылады. Біріншіден, Қаржы министрлігін барлық квазимемлекеттік сектор үшін бірыңғай ережені бекіту бойынша өкілетті орган ретінде айқындау. Бұл тұрғыда «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» қамтылып отыр. Екіншіден, Ішкі мемлекеттік аудит комитетін квазисектор субъектілері сатып алуларын қадағалау бойынша өкілетті орган түрінде анықтау. Үшіншіден, сатып алулар ережесін бұзғаны үшін квазисектор жұмысшыларына әкімшілік жауапкершілікті бекіту ескерілмек. Төртіншіден, квазисектордың барлық сатып алуларын электронды форматқа ауыстыру қамтылып отыр»,-деді жауапты хатшы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, квазисектор сатып алуларына бақылауды екі сатылы жүйені бекіту жолымен іске асыру ұсынылып отыр. Бірінші деңгейде бақылау ұлттық холдингтер мен компаниялардың ішкі қадағалау қызметтерімен іске асырылады. Ішкі қызметтер анықтаған заң бұзушылықтар жойылған жағдайда ұлттық компаниялардың лауазымды қызметкерлері әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Екінші деңгеде қадағалаудың ішкі қызметінің шешімімен келіспейтін сатып алулар қатысушыларының өтінімі негізінде Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бақылауды жүзеге асырады.

Тортаевтың пайымынша, қадағалаудың екі сатылы жүйесін енгізу саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар
telegram