Квазимемлекеттік сектор тиімділігін арттырмай жалпыұлттық табысқа жету қиын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Квазимемлекеттік сектор тиімділігін арттырмай жалпыұлттық табысқа жету қиын. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Квазимемлекеттік сектор тиімділігін арттырмай жалпыұлттық табысқа жету қиын

«Қазақстан мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудың сапалы жаңа деңгейіне өтуде деп айтуға болады. Сондықтан біздің іс-шара осы мақсатқа қол жеткізуге тағы бір үлес қосатындығына сенімдімін. Мұндай кездесулер сағаттарымызды салыстырып, бағыт алған жолмен жүруге мүмкіндік береді», - деді ол «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну және әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Осы ретте ол ашық Үкімет – бұл өте кең ұғым, бір сәтте қалыптаса алмайтын өте күрделі құрылым екенін баса айтты.

«Көбінесе мемлекеттік қызметшілер өз шешімдерінде құқық қорғау органдарындағы әріптестері тарапынан қандай да бір имплементациямен байланысты болады. Сондықтан мемлекеттік қызметті реформалау, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау құқық қорғау және сот жүйесін реформалаудан оқшау жүре алмайды», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, бұл бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Мемлекеттік басқарудың тағы бір маңызды элементі – квазимемлекеттік сектор. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан өтпелі экономикасы бар ел. Біздің экономикамызда мемлекет қатысуы өте көп. Ол реттеуші ретінде де, активтердің иесі ретінде де қатысады.Екеуінде де ол мүмкіндігінше тиімді болуы керек. Сондықтан квазимемлекеттік сектордың тиімділігін, есептілігі мен ашықтығын арттыру реформасынсыз жалпыұлттық табысқа жету қиын болады», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.