Квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілуде

«Заң жобасы сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған. Заң жобасында түзетулердің үш блогы қарастырылған. Түзетулердің бірінші блогы сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шараларды енгізуге көздейді. Атап айтқанда, Азаматтық кодексте сыйға тартушының пайдасына іс-әрекеттер үшін өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын мемлекеттік қызметшілерге және өзге де тұлғаларға кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. «Сыйға тарту» атты 509-баптың қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құны 10 айлық есептік көрсеткішке (26 510 теңгеге) дейін сыйлықтар беруге болады. Осыған орайда Конституциялық Кеңес 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында осы бапты қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру қажеттігін тікелей көрсетті. Екіншіден, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Осы орайда ол Қылмыстық кодекске сәйкес келмегендіктен аталған 509- бапты алып тастау ұсынысы енгізілетінін нақтылады.

Олжас Бектеновтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік лауазымға, мемлекеттік немесе оларға теңестірілген міндеттерді атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып саналатын адамдар үшін ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы жазбаша нысанда хабардар ету міндеттемесі енгізіледі.

«Мемлекет басшысы қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі 2019 жылғы 20 мамырдағы кеңесте айтылған және бірлесіп мақұлданған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұсыныстарды іске асыру мақсатында, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілуде», - деді Агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Оның атап өтуінше, түзетулердің екінші блогы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға бағытталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарында материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер мен қызметтер көрсетуге және қабылдауға тыйым салынған тұлғалардың тізбесі лауазымды тұлғалар мен жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалармен толықтырылуда.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпараты бар адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органды ғана емес, сондай-ақ өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеуді және алдын алуды жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдарды (прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары, әскери полиция, Экономикалық тергеу қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі) хабардар ете алатындығы көзделген», - деді Олжас Бектенов.