Квазимемлекеттік сектор өз қызметіндегі барлық ақпаратты Парламентке ұсынады – министр

Енді квазимемлекеттік сектор өзінің бюджеті бойынша Парламентке жиі шақыртылады. Бұл туралы Мәжілісте жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасын талқылаудан кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Әлібек Қуантыров
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Квазимемлекеттік сектордың өкілдері бюджетті қорғаған кезде Мәжіліске немесе мәслихатқа келеді. Атап айтқанда, олар депутаттардың сұрақтарына жауап беруі керек. Жоспарлау, шығыстар мен кірістер, қаражаттың игерілуі, даму жоспары бойынша тиісті индикаторларды көрсетіп, бүкіл ақпаратты беретін болады», - деді Ә. Қуантыров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Атап айтқанда, Республикалық бюджет туралы заңда бюджетке таза кірістерді аудару нормативтерін және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сырттан қарыз алу лимитін белгілеу арқылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне парламенттік бақылау күшейтіледі.

«Біздің ұсынысымыз бойынша Республикалық бюджет туралы заңда тиісті лимитін, шектеуді қоюға Мәжілістің құқығы болады», - деді министр.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бюджеттік процестерді жеңілдету ескерілген. Екіншісі – блоктық бюджеттің элементтерін енгізу. Үшінші міндет – мемлекеттік қаржыны шоғырландырып басқару үшін заңнамалық негіз құру. Төртінші – бюджетаралық қатынастарды жетілдіру. Бесінші – нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру.