КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын өткендерге бірқатар шектеу жойылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын өткендерге бірқатар шектеу жойылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын өткендерге бірқатар шектеу жойылады

«Коронавирусқа қарсы вакцина алғандар санының біртіндеп ұлғаюына байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсы бар тұлғалар үшін бірқатар шектеу алынып тасталды», - деді Алексей Цой.

Атап айтқанда, оның сөзіне қарағанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсы болғанда ауруханаға жатқызудың кез келген түрінде, ұйымдастырылған ұжымдарға барғанда, еңбек демалысынан, іс-сапардан оралғанда, науқастануына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде ПТР тест талап етілмейді.

«COVID-19-дың нақтыланған жағдайымен байланысты болғандар оқшауланбайды. Бірақ, медициналық бақылау қамтамасыз етіледі. Кеңселік ұйым қызметкері қашықтан жұмыс істеу форматына жіберілмейді», - деді министр.