КВИ-мен күрес: Қазақстанда үш вакцина қолжетімді болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кездесуінде ведомство алдындағы негізді міндеттерді атады. Бұл тұрғыда коронавирус инфекциямен күрес бағытындағы қадамдар жайында айтылды.«Қазіргі кезде төтенше жағдай режимі елімізде қарастырылып отырған жоқ. Заңнамаға сәйкес, аталған жағдай Мемлекет басшысы Жарлығымен енгізіледі және мемлекеттік комиссияда тиісті шешім қабылданады», - деді А. Цой Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

КВИ-мен күрес: Қазақстанда үш вакцина қолжетімді болады

Осы орайда ол қандай кезде төтенше жағдай енгізілетінін еске салды. Бұл тұрғыда оны енгізу талабында күрделі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен ауруханалардағы орындардың жүктемесі 70 пайыздан асқан кезде ескеріледі. Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесіне аса жоғары жүктеме болғанда қатаң шектеу іс-шаралары үшін тиісті шешім енгізіледі.

«Коронавирустық инфекцияның таралуының барлық тәуекелдерін ескере отырып, біз ауруханалардағы төсек-орын қорының дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдадық. Еліміз бойынша орындардың ең жоғары ықтимал саны 62 мыңды құрады, оның ішінде 36 мыңы жұмыс істеп тұрған инфекциялық орын, 3 мыңнан астамы реанимациялық, 23 мыңы резервтік төсек», - деді министр.

Қазіргі уақытта инфекциялық орындардың жүктемесі 42 пайызды, реанимациялық орындардың жүктемесі 29 пайызды құрады.

Бұдан бөлек, дәрімен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында Сovid-19-ды емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді. Қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық ауруханасы салынды. 36 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.

«Бүкіл әлем тек вакцинация біздің бәрімізге карантинсіз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 1 184 124 адам бірінші компонентпен және 239 965 адам екінші компонентпен вакцинацияланды», - деді Алексей Цой.

Осы орайда А. Цой халықты вакцинациямен барынша қамту үшін қабылданған шаралар туралы мәлім етті. Жылжымалы әрі көшпелі егу пункттері іске қосылды. Жаппай вакцинациялауға 11 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды. Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.


Вакциналау паспорты

«Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз», - деді министр.

Оның айтуынша, вакцинация паспорты мынадай деректерді қамтиды: адам қандай препараттарды, қай дозада, қай күндерде (3 тілде іске асырылды) алғаны жазылады. Сонымен қатар паспорт QR-кодтың көмегімен құжатты талап ету орны бойынша көрсету және қолжетімділікті ашу мүмкіндігін ұсынады.

«Вакцинациялау паспорты вакцинаның 2 компонентін алуына қарай беріледі. Қазіргі уақытта вакцинация паспортын біріктіру үшін IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда. Вакцинация паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылады», - деді А. Цой.

Мұнымен қоса ведомство басшысы шетелде қазақстандық вакциналау паспортының өзектілігіне қатысты сұраққа жауап берді.

«Бұл мәселе қазіргі кезде шетелде талқыланып жатыр. Қозғалысты шектеу бойынша әлемде нақты бекітілген нормативтік құжаттар жоқ. Сондықтан бұл мәселе қарастырылуда», - деді министр.

Осы орайда ол бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазақстанда өзіміздің ақпараттық жүйе әзірленді. Қазір әрбір азаматта екпенің екі дозасын алғаннан кейін, вакциналаудың электронды паспорты берілуде.

«Егер халықаралық заңнамаға өзгеріс енгізілсе, біз интеграцияға әзірміз. Бұл тұрғыда біздің ақпараттық жүйелер халықаралық басқа да жүйелермен интеграцияға дайын болады. Қазіргі кезде әлем елдері тиісті талаптарды қойып отырған жоқ», - деп нақтылады ол.


Араб вакцинасы жеткізіледі

Қазіргі уақытта елімізде шектеу жоқ, вакцинаны Қазақстанның кез келген қаласында ектіруге болады. Осы орайда жақында орналасқан емханаға немесе екпе жүргізіліп жатқан сауда орталығына баруға мүмкіндік жасалды. Вакцина ақысыз түрде жүргізіліп жатыр.

Осы орайда министр елімізде «Спутник V» және отандық QazVac вакцинасын егу жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Бүгін қосымша араб вакцинасын аламыз. Яғни, бұл екпе «Синофарм» компаниясының қытайлық технологиясымен өндірілген. Қазіргі кезде осы вакцинаны күтіп отырмыз және оны өңірлерге таратамыз. Осы арқылы бізде халық үшін үш вакцина қолжетімді болады», - деді А. Цой.

Белгілі болғандай, вакцина бойынша министрлік АҚШ компанияларымен де келіссөз жүргізіп жатыр екен.

Айтпақшы, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина шетелдік студенттерге ақысыз егіледі.

Қазіргі кезде вакциналау Қазақстан азаматтарына, елде тұруға ықтиярхаты бар және ел аумағында тұрақты тұрып жатқан адамдарға тегін жүргізіледі.

Оның айтуынша, ақысыз вакциналау шетелдіктердің кейбір санаттарына ұсынылады.

«Бұдан бөлек, кеше Коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында тиісті шешім қабылданды. Осы орайда ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін ел ішінде үш айдан астам уақыт жүрген шетелдік студенттер мен еңбек мигранттары ақысыз екпе алады», - деді Алексей Цой.