Квота аясында 59 кәсіпкер 16 мың тоннаға жуық пиязды экспорттауға рұқсат алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Пиязды елден шығаруға салынған шектеу алынып тасталғаннан бері 59 кәсіпкер квота шеңберінде экспорттауға рұқсат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
8 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігі пияз экспортына салынған шектеудің күшін жойды. Дегенмен, шет елге шығаруға 20 мың тонна көлемінде квота белгіледі.
Ведомство ақпаратына сай, 21 сәуірге дейін 59 кәсіпкер 15 968 тонна пиязды өзге мемелекеттердің нарығына шығаруға рұқсат алған. Квота бойынша енді 4 031 тонна қалып отыр.
Тоқтала кетсек, жақында жауапты министрлік 28 сәуірге дейін Қазақстан аумағынан 20 000 тонна пиязды үшінші мемлекеттерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге квота енгізген болатын.