Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ эстрадасының танымал жұлдызды жұбы Қыдырәлі Болманов пен оның жұбайы Қарақат Әбілдина отандық ойыншық өндірушілерді қолдауға бағытталған «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдады.

Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдады

Қыдырәлі Болманов «Бал-бала» балалар ойыншықтарын шығаратын алғашқы қазақстандық компанияның авторы және басшысы ретінде белгілі.

«Әлемде біздің ойыншықтардың аналогы жоқ. «Бал-бала - Қазақстан тарихындағы алғашқы бренд. Ол Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа елдерінде де таныла бастады. «Қазақстанда жасалған» акциясы қазақстандық бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік ашады», - деді Қ. Болманов журналистерге берген сұхбатында.

Еске салсақ, компания Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік сияқты қазақ фольклорының кейіпкерлерінің де, өмірде болған адамдардың да прототиптерін ойыншық желісінде шығарады.

«Бал-бала» ойыншықтарының басты, бірегей ерекшеліктері олардың қазақстандық нарыққа бейімделуі. Ойыншықтар би билейді, ән айтады, қазақ тілінде сөйлейді. Қазір желіде 17 атау бар, оның 11-і жұмсақ ойыншықтар.

«Қазақстанда жасалған» акциясын іске қосу идеясы алғаш рет Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған, ҚР Президенті Н. Назарбаев қазақстандықтарды отандық өнімді сатып алуға шақырды.