Қылмыс қалай жасалды? - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 маусым, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
ХХІ ғасыр басындағы еуразиялық ынтымақтастық идеясы жылдан-жылға соны мазмұнмен толығып келе жатыр десек, бұл ең алдымен, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Елбасының 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында ұсынған еуразиялық ықпалдасу жобасы бүгінде өзінің өміршеңдігін, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі халықтардың жарқын болашағы үшін маңыздылығын айқындай түсуде. Жаһандану заманында бірыңғай экономикалық кеңістіктің рөлі артып, достастық елдері аумағындағы халықтардың рухани қарым-қатынастары да жаңаша сипатқа ие болып келеді. Соған орай бүгін Астанада ТМД-ға мүше елдердің мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастықтың мәдени астаналары» жобасы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы өз жұмысын бастамақ. Өңірлердің өркендеп, мәдени, рухани, ақпараттық қарым-қатынастар дамыған сайын көршілес, іргелес халықтардың мәдениетімен өзара байланыстың нығая түсетіретін жиын жайында «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында шыққан «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Адамзат тарихының күретамыры - мәдениет» атты мақаласында егжей-тегжейлі тоқталады.
***
Павлодарда 85 жастағы зейнеткер оның аяғын автобус басып кеткені үшін қалалық автокомбинаттан сот арқылы 1 миллион теңге өндіріп алды, деп жазады «Литер» басылымы «Қауіпті рейс» тақырыбымен жариялаған мақаласында. Басылымның атап көрсетуінше, 27 жасар автобус жүргізушісі аялдамада адамдардың толықтай түсуін күтпестен жүре жөнелген. Нәтижесінде Янина Сачкова автобустың баспалдағына сүрініп, құлап түскен. Ал қоғамдық көліктің артқы дөңгелегі кейуананың аяғын басып өткен. Жүргізуші жолаушылардың айқайынан кейін ғана барып тоқтаған. Содан бері қарт кісінің жанары көрмей, жүруге шамасы келмеуде. Жүргізуші үш тәулікке қамалды. Сол кезде зейнеткер жүргізушіден және автопарктен бір миллион теңге өтемақы төлеуді талап етті. Судья әжейдің бұл арызын толығымен қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
***
Жаңаөзен тұрғындары мұнай компаниясына орналастырамыз деген алаяқтарға өз қолдарымен 26 миллион теңгеден астам ақша беріп, бармақ тістеп қалды, деп жазады «Экспресс К» газеті «Невтегазовый лохотрон» деп аталатын мақаласында. Басылымның жазуынша, алаяқтар қала тұрғындарын «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жұмысқа орналастырып береміз деп, олардан ақша жинаған. Зардап шеккендердің әр қайсысы жалған жұмыс орны үшін 750 мыңнан бір миллионға дейін ақша берген. Қаржы полициясының аймақаралық басқармасына алданып қалған жаңаөзендіктерден арыз-шағым өткен жылдың сәуір айынан бастап түсе бастаған. Алаяқтарды тек 2012 жылдың ақпан айында қолға түсіру мүмкін болды.
***
Алматы облысындағы «Арқанкерген» заставасында болған оқиғалардың мән-жайына «Айқын» басылымы тереңірек үңіліп көрген.
«Қазақстан-Қытай шекарасында өртелген «Арқанкерген» застава бекетінде тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахқа 14 қызметтестерін және қорықшыны өлтірді деген айып тағылды. Шекарашылардың өлтірілуіне қатысты тергеу жұмыстары Елбасының бақылауында, - деп мәлімдеді Қазақстан Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов. Бас әскери прокурор он бес адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған Владислав Челахтың тергеу барысында берген жауаптары түсірілген бейне-фрагментті журналистерге көрсетті», - делінген мақалада.
Жүргізілген тергеу амалдарының нәтижелері, сараптамалары мен Челахтың көрсеткендері туралы толығымен «Қылмыс қала жасалды?» атты мақаладан оқи аласыздар.