Қылмыс құрбандарына арналған қордан ақша қалай төленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжанов қылмыс құрбандарына арналған қор ақшасының жұмсалу тәртібі туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ол қордың ақшасы қайдан түседі? Әрбір қылмыскер жасаған заңбұзушылығына қарай міндетті жарнаны аударатын болады. Оның мөлшері 5-30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 000-72 000 шамасында болады. Қорға 1 миллиард теңге жиналады деген жоспар бар. Биыл тиісті заң қабылданды. Осы айда аталған құжат күшіне енді», - деді М.Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, аталған қордың ақшасы қылмыстан зардап шеккен азаматтарға шұғыл түрде төленетін болады.
«Зорлық жасау, ауыр жарақат салу, адам өлтіру сияқты қылмыстар бар ғой. Дәл осы санаттағы заңбұзушылықтардан зардап шеккендерге қаржылай көмек беріледі. Мәселен, қылмыскерді әлі ұстаған жоқ дейік, я болмаса, ол қашып кетті. Оны тапқанша зардап шеккендерге көмек беру керек қой. Сол себепті жаңағы қор құрылып отыр. Бұл шығынның өтемақысы емес, бір реттік қаржылай көмек қана. Адам қайтыс болса, оның туған-туыстарына 10 күннің ішінде бір реттік қаржылай көмек беріледі. Ешқандай қағазбасты жұмыс болмайды. Ақша бірден аударылады», - деп атап көрсетті М.Аxметжанов.
Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында М.Аxметжанов 5 мың адамды түрмеден босатуға қатысты түсінік берді. «Бүгінде әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттар таралуда. Ауыр қылмыс жасаған 5 мың адам шығады дейді. Олар зорлық жасаған, адам өлтірген, қарақшылық жасаған дейді. Бұқаралық ақпарат құралдарына да жаңалықтар шықты. Бұның барлығы шындыққа жанаспайды. Біреулер мәселенің анық-қанығына мән бермеді, енді біреулер сенсация жасаймыз деп, солай берді. Соның салдарынан қоғам ол жаңалықты дұрыс түсінбей қалды», - деп атап көрсетті М.Аxметжанов. Оның айтуынша, 5 мың адамның ішінде қарақшылар, педофилдер, зорлық жасағандар, адам өлтірген басбұзарлар жоқ.