«Қылмыс жасағандар мектептерде ұстаз болып жүр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 11 маусым, сәрсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қылмыс жасағандар мектептерде ұстаз болып жүр» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Атырау мектептерінде ауыр қылмыс жасаған адамдар жұмыс жасап келіпті. Олардың ішінде адам өлтіруге қатысқандар да бар. Бұл деректерді облыстық прокуратура қызметкерлері жасы кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және денешынықтыру, білім беру ұйымдарында еңбек заңнамалары талаптарының сақталуына тексерулер кезінде анықтады. Тексеру барысында заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары үшін соттылығы болған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері анықталды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық санаттағы қылмыс жасаған адамды лауазымды орынға қабылдау фактілері әшкере болып отыр. Бұл туралы «Қылмыс жасағандар мектептерде ұстаз болып жүр» деген материалда берілген.

Осы газетте «Алакөлдің Анталиядан несі кем?» атты мақала жарияланды. «Барқытбел мен Барлық жоталарының арасын алып жатқан Үржар ауданының мақтанышы - әйгілі Алакөл. Теңіз құрамымен бірдей шипалы суы бар көлдің туристік тартымдылығы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Туристік кластерді дамыту жөніндегі маңызды жобалардың біріне саналатын Алакөл демалыс аймағын дамыту соңғы жылдары өңір басшылығының жіті қадағалауымен қарқынды жүргізіле бастады», деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-министрдiң орынбасары Гүлшара Әбдiхалықова бастаған біраз министрліктің басшылары мен қосшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Алғаш болып сөз алған вице-премьер Үкiмет отырысында Тiлдердi дамыту мен қолдану жөніндегі 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның орындалу барысы талқыланғанын жеткізіп, бірқатар статистиканы тізіп шықты. «Қазiргi уақытта сарапшылар айтып отыр, Қазақстан халқының 62-63 пайызы қазақ тiлiн, 92 пайызы орыс және 16,6 пайызы ағылшын тiлiн меңгерген», -дедi Г.Әбдiхалықова.

«Вице-премьердің бұл статистиканы қандай сарапшылардан алғанын білмедік, бірақ халықтың 92 пайызы орыс тілін меңгерген деген дәйекпен келісу қиындау сияқты. Себебі оңтүстік пен батыс өңірлерде орыс тілін білмейтіндер баршылық қой. Алысқа бармай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын айтайық, облыс пен аудан орталығындағылар болмаса (оның өзінде мемқызметтегілер), қарапайым халық орысшаға шорқақ. Егер қарабайыр арифметикаға салсақ, ОҚО халқы осы елдегі 17 млн халықтың шамамен 16 пайызын құрайды екен. Ендеше, «92 пайыз» деген дерекпен ресми тілге жарнама жасаудың не қажеті бар деген сұрақ туындайды», деп жазады басылым. Бұл туралы мақала газетте «Қазақ тілін білу міндеттеледі!» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Әр ата-ана баласын қауіпті қонтенттен қорғаудың жолын білуі керек» деген тақырыппен Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавхат Сабировпен арадағы сұхбат жарияланды. «Біз осы мәселені талқылаған бірнеше шара ұйымдастырдық. Алғашқы алқасөзде «заңға қайшы контентпен қалай күресеміз?» деген мәселе көтерілген еді. Ал келесі іс-шарада балаларды интернетті тиімді пайдалануға үйрету мәселесі талқыланды. Өйткені өзіміз интернетте отырған кезде, балалар туралы ұмытып кетеді екенбіз. Балалардың қандай сайттарға кіріп, не көріп жүргенінен хабарсызбыз. Кішкентай балалар интернеттен мультиктерді іздесе, жасөспірімдерді мүлдем басқа дүниелер қызықтырады. Тіпті бұл жерде, ең бастысы, балаларға арналған контент емес. Өйткені заңға қайшы келетін контентті байқап қалсақ, бірден жоямыз. Ең бастысы - балаларды интернеттен төнетін қауіптен қорғануға үйрету. Балалар таныс емес адамға өзі, отбасы туралы барлық ақпаратты жайып салуы мүмкін. Оның соңы кей кездері жақсылықпен бітпейді. Сонымен қатар, бала адасып қалса, не істеу керектігі ойын түрінде түсіндірілетін арнайы әдістемелер шығару керек»,-дейді Ш. Сабиров.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Соғыстан қайтпағандарды сайттан іздеңіз» деген мақала берілген. Келесі жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы деген атпен тарихта қалған 1941-1945 жылдар аралығындағы қанды қырғынның жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толады. Жеңіс күні, бұл - ұлы мереке. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің еліміздің ұл-қыздары да жаумен аянбай шайқасты. Соғысқа 2 миллионға жуық қазақстандық қатысып, олардың жартысы майдан даласынан оралмады. Миллионға жуық адам тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосты. «Майдангерлер қатары жыл сайын сиреп барады. Сондықтан оларды құрметтеп, ардақтау - асыл парыз. Ел үшін ерлік жасап отансүйгіштік пен патриоттықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар ешқашан да ұмытылмайды», деп жазады газет. «Ана тілі» газеті Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Ұлы Жеңіске 70 жыл. Өшпес даңқ »деген айдар ашып, осы айдар аясындағы алғашқы мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отыр.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Прощай, виза» деген мақала басылды. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында визасыз режім туралы келісімге қол қойылмақ. «Азаматтардың екі елге бір айға дейін визасыз сапарлауына мүмкіндік жасалады. Бұл шаралар туризмді, медицинаны, ғылыми технологияларды дамыту бағытында жасалып отыр»,-дейді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Алексей Волков.