Қылмыскер оқушыларды пышақтап тастады
АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жапонияда бір азамат мектеп автобусында қанды қырғын ұйымдастырды.
Қылмыскер 14 оқушыны пышақтап тастады, 16 жасар жоғары сынып оқушысы ауыр жарақат алды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды РБК агенттігі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға Токиодан 40 шақырымдай жердегі Ториде теміржол стансасы ауданында болған. Қылмыскердің оқушылар мінген екі автобусқа кезек-кезек мініп, оларға пышақ ала жүгіргені айтылуда. Қаскөйді полиция ұстады. Ол жұмысы, не тұрақты мекен-жайы жоқ 27 жастағы ер азамат болып шықты.
Қылмыс деңгейінің төмендігімен мақтанатын Жапонияда анда-санда осындай ауыр, бір-біріне ұқсас қылмыстар тіркеледі. Осыдан 2 жыл бұрын Токиодағы Акихабара орамында жүк көлігіне мінген бір ер азамат бір топ адамды қасақана қағып, одан кейін машинадан шығып көшеде кетіп бара жатқан жүргіншілерді пышақтаған еді.