Қылмыскерді ұстауға барғанда бойымда ерекше күш пайда болады - Түркістандық полицей

Бүгінде Жетісай аудандық Полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген полиция полковнигі қызметін 1996 жылы жедел уәкіл болудан бастаған. Полиция қызметкері өзінің алғаш қылмыскерді ұстаған кезін еске алды.
«Жетісай ауданындағы базарлардың бірі тоналып, маған күдіктіні табу міндеттелді. Жан-жақтан сұрастыра келе мен сезіктінің Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтадым. Оны ұстауға кіші жедел уәкіл екеуміз аттанып, оның бір дәмханада отырғанын білдік. Сол жерге барып қарасақ, қылмыскер тапшанда тамақтанып отыр екен. Барып ұстамақ болғанда ол орнынан ыршып тұрады, қарасам бойы екі метр денелі келген ер адам болып шықты. Бізді көре сала ол қорғанды асып өтіп, көрші үйге секіріп кетті. Біз ізіне түстік, сөйтіп жүріп төрт үйден асып өттік. Бірақ мен оның үлкендігіне қарамастан қуып жетіп, қолға түсірдім. Оны тіпті құлатып, көмекшім келгенше қолына кісен де салғанмын. Айтқым келгені ондай кезде бізге құдайдың өзі күш-қуат береді. Қылмыскер бойшаң немесе ірі денелі болса да қолға түседі»,- дейді Ермахан Әбдраманов.
Полицейдің айтуынша, қызмет барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Кейбір қылмыскерлер әккі болады. Өздерін ұстатпауға тырысады. Түбінде ұсталмаймын дейтіндері де бар. Сондықтан тәртіп сақшысы заман ағымына қарай өзін дамытып, жан-жақты болуы керек.
«Әйтпесе сен қылмыскерді ұстай алмайсың. Қызмет барысында сондай-ақ, ауыр жағдайларды бастан өткересің. Ол оқиғаларды өзіңнен өткізіп, жәбірленушілерге қатты жаның ашитын кездер болады. Бірақ қашанда сабырлылық сақтап, қылмысты ашуға барыңды саласың. Тағы бір есімде қалған жәйт, Шымкент қаласында 7 жастағы қызды белгісіз біреу үйінде зорлап, қашып кеткен. Оқиға орнына барып көрсек қызды ауруханаға алып кетіпті. Жансақтау бөліміне жатқызылған жеткіншекке барып қарасам, жағдайы тым ауыр екен. Оның жағдайын көргенде қатты жаным ашыды, жүрегім ауырды. Сол жағдайына қарамастан ол педофилдің түр әлпеті қандай екенін суреттеп айтып берді.
Айтуынша, сыртта ойнап жүргенде су сұраған. Сонда үйге кіріп су алып берген кезде күдікті ізінше ішке кіріп, аяусыз зорлық әрекеттерін жасаған. Сонан соң қалай да күдіктіні табамын деп іздестіруге кірістім. Бұрын сотталғандарды, нашақорларды, есепте тұрған азаматтарды тауып сөйлестім. Басқа да ақпарат көздерін сұрастырдым. Ақыры сезіктінің жеке тұлғасын анықтадым. Ол бұрын сотталмаған, көршілес Жамбыл облысының тұрғыны екені белгілі болды. Тексере келе оның осы жастар шамасындағы тағы екі қызды зорлап қашып жүргені анықталды. Суретін жәбірленушіге көрсетіп ем, бірден таныды.
Осыдан кейін сезіктіні күндіз-түні іздестіре бастадым. Күн демей, түн демей жертөлелерды қарастырдым, болуы мүмкін деген жерлерді ерінбей қарап шықтым. Еңбегім еш кетпеді. Араға он күн салып, оның Шымкент қаласындағы бір мазарда жүргенін анықтадым. Бізге хабарлаған адам менімен бірге оны ұстауға мазарға барады. Сұрастыра келгенімізде оның сол жерде мәйіттерді жерлеуге көмектесіп, ақша тауып жүргені белгілі болды. Ұстауға барып, ақыры қылмыскерге қолға түсірдік. Екі қолына кісен салып, көлікке отырғыздық. Жауап алу барысында ол жасаған үш қылмысын да мойындады, 20 жылдан астам уақытқа сотталды»,- дейді Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы.
Бас-аяғы 20 жылдан астам тәжірибесі бар полиция полковнигі қылмыскерлерді ұстау үшін тәртіп сақшысының білімі мен біліктілігі шыңдалған болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ, халыққа етене жақын, адамгершілік қасиеті мол болуы қажет дегенді айтады. Жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, соған көмектесе алуы керек деген пікірде.
«Қылмыскерді ұстауын ұстайсың-ау, алайда оның кінәсін дәлелдеп шығу да өз алдына елеулі еңбек. Ең ұсақ дәлелдердің өзін біртіндеп жинап, шыдамдылықпен аса сабырлылықпен құрайсың. Ал мұндай әрекеттің бір күндік жұмыс емес екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Және де полиция жұмысындағы ең басты айта кететін жайт, нәтиженің бірі, әділдік орнап, кінәлілердің кінәсіне сай жазалануы»,- дейді бөлім бастығы.
Бүгінде 200-ге тарта тәртіп сақшысы бар аудандық полиция бөлімінде басшылық қызмет атқаратын Ермахан Абраманов кез-келген мамандықтың өз қиындығы бар екенін айтады. Ал, полиция қызметінде басшы болу үлкен жауапкершілік.
«Басшы болу мен үшін бұл атақ абырой емес. Иығыңа артылған үлкен жауапкершілік, сенім. Қаншама тағдырларға қатысты шешім қабылдау керек кездер болады. Мұндай уақытта мен сол жәйтті мүмкіндігінше талдап, саралап шешім қабылдауға тырысамын. Ол үшін көп жылдық тәжірибем көмегін тигізеді. Басшы екенмін деп өзімді жоғары ұстамай, неғұрлым халыққа етене жақын болуға барымды саламын. Тікелей ахуалды байқап, соған қарай жұмысты ұйымдастыра білу керек деп есептеймін. Жеке құрамды соған жұмылдырып, бағыттауға әрекет етемін. Өйткені халық полициядан қорқып емес, көмек алуға келетіндей жағдай жасау керек»,- дейді Ермахан Әбдраманов.
Полиция бөлімі басшысының сөзінше, бүгінгінің тәртіп сақшылары өз жұмысына берілген. Тіпті жанұясына көңіл бөлуге қолдары тимей, уақытының басым бөлігін жұмысына арнайды.
«Таңғы сағат алтыдан түнгі он бір немесе он екіге дейін жұмыста жүретін кездеріміз болады. Ондай кездері балаларыңды тек ұйықтап жатқан сәтін көресің. Балаларым кейде режиді, уақыт бөлмейсіз деп. Бірақ мен мүмкіндігінше бос уақытымды отбасымда өткізіп, мектептеріндегі мұғалімдерімен сөйлесуге де тырысамын. Содан демалатын кездерім болады. Дегенмен өз өмірімде осы мамандықты таңдадым деп өкінген емеспін. Өйткені мен бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдағанмын. Болашақта перзенттерім де полиция қызметкері болғанын қалар едім. Ал, әріптестеріме айтарым, сын бар жерде дұрыс жұмыс жүреді. Сол сыннан нәтиже шығарып жұмыс істеу керек. Әрбір полицейде Отанға деген сүйіспеншілік мол болса, халық арасында да біздің мамандық туралы жақсы пікір қалыптасады»,- дейді полиция полковнигі Ермахан Абдраманов.