16:51, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Қылмыскерлер халық санағын өз пайдаларына асырулары мүмкін - ІІМ Әкімшілік полиция комитеті
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары қылмыскерлер халық санағы науқанын заңсыз әрекеттеріне пайдаланулары мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Осыған орай олар ақпанның 16-сы мен сәуірдің 1-і аралығында елордадағы оқу орындарымен және қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, «Сәлеметсіз бе, мен сіздің учаскелік полицейіңізбін» атты акция ұйымдастырмақ. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Алдын-алу қызметі басқармасының бастығы Қайрат Барманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, акция барысында учаскелік инспекторлар қаладағы пәтерлерді жеке-жеке аралап, өздерінің аты-жөндері көрсетілген арнайы кәртішкелерін табыстайтын болады. «Біз осы жұмыстар барысында тұрғындарды болуы ықтимал түрлі қылмыстық әрекеттерден сақ болуға және ондай жағдайға тап болғанда жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді түсіндіреміз. Бұған қоса полицейлер отбасы арасында болатын жанжалдар мен ұсақ бұзақылықтардың, спиртті ішімдіктерді шектен тыс пайдалану әрекеттері мен қылмысқа бейім азаматтарды анықтау жұмыстарын да жүргізеді», - дейді басқарма бастығы. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш акция тәртіп сақшылары тарапынан жылда ұйымдастырылып отыратын шара. Алайда биыл халық санағы науқаны қарсаңында өткізуді жөн санап отыр. «Біз қазір барлық учаскелік полиция қызметкерлерін арнайы аймақтарға бекіттік. Олар халық санағына байланысты арнайы құрылған аймақтық орган өкілдеріне қоғам тыныштығы мен санақшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын бастап та кетті», - дейді министрлік өкілі.