Қылмысты істерге қатысты келісімге келтіретін медиаторлар аз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Алматы қаласы Медеу аудандық сотында «Қазақстан Республикасындағы сот өндірісінде медиацияны қолданудың құқықтық мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткен болатын.
Басқосуға Медеу ауданы прокурорының көмекшілері Ч.Рсалин, Г.Қиязова, А.Бурбаев, Қазақстан медиция орталығының жетекшісі, кәсіби медиатор И.Вичовская, «Медиация және бітімгершіліктің бірегей орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, кәсіби медиатор М.Мамежанова, Медеу аудандық Салық басқармасының заңгері М.Сабурова, «ХоумКредитБанк» АҚ-ның заңгері Е.Сағатбеков, Медеу аудандық сотының судьялары Г.Әбілқайыр, А.Байдәулетова, Ф.Омаров, Н.Бегайдар, Р.Мұсақожаева, Т.Жұмамұратов және Д.Әкетаевтар қатысты.
Жиынды Медеу аудандық сотының төрағасы Ерхан Тотыбай-тегі ашып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды. Бітімгершілікпен біткен істерге, медиаторлар жұмысына тоқталған төраға ортақ келісіммен біттетін істердің артуына соттардың да мүдделі екенін жеткізді. Өйткені, «Медиация туралы» заң талабымен шешімін табатын істер судьялардың жүктемесін азайтады. Бұл өз кезегінде судьялардың басқа күрделі істерге қатысты ізденуіне, сараптауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, заң тараптардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге де пайдасын тигізеді. Медиацияның артықшылығын атап өткен Ерхан Тотыбай-тегі қатысушыларды тақырыпқа орай пікір алмасуға шақырды.
Бірінші кезекте сөз алған аудандық сот судьясы Әсел Әбішеваның «Медиация туралы» заңның қолданылуына қатысты түйткілді мәселелерді талқыға салды. Осыған орай, қатысушылар тақырып төңірегінде ойларын айтып, аудан көлемінде орын алып келген мәселелермен бөлісті.
Бұл тұрғыда, әсіресе, кәсіби медиаторлар И.Виговская мен М.Мамежанова қатысушылардың көңілінен шықты. Банк, Салық комитетінің заңгерлері және судьялар медиация заңнамасы нормаларының қолданысындағы шешімін таппай келген сұрақтарға медиаторлар тарапынан кең көлемде ұғынықты жауаптар алды. Өз кезегінде кәсіби медиаторлар банк, салық органдары және судьялармен арадағы медиация бойынша түйткілді мәселелердің басын ашып, өзара бәтуаға келісті.
И.Виговскаяның айтуынша, банктер мен салық органдары көп жағдайда «Медиация туралы» заңның талаптарын орындауға құлықты емес көрінеді. Сонымен қатар, Ирина ханым қылмыстық істер бойынша медиаторлардың тапшылығын айтып өтті. Өйткені, онда медиатор білікті болуы және Қылмыстық Кодекс талаптарын жетік меңгеруі қажет. Сондықтан болар, кез келген медиатор қылмыстық іс бойынша бітімгершілік жасауды мойнына алуға жүрексінеді екен. Маңызды ақпараттар мен келелі кеңестерге қанық болған әр саланың мамандары мұндай басқосуларды жиі өткізіп тұруға уағдаласып тарасты.