Қылмысты жасыру төтенше оқиға ретінде бағалануы шарт - Бас прокурордың орынбасары Н. Исаев
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Қылмыстардың алдын алу және құқық бұзушылықтар профилактикасы: қазіргі жай-күйі және жетілдіру перспективалары» тақырыбына арналған конференция барысында Бас прокурордың орынбасары Нұрмұханбет Исаев мәлім етті.
«Қылмыстардың алдын алу турлы айтпас бұрын, біз осы қылмыстар туралы шындықты толық білуіміз керек. Өкінішке қарай, дәл осы проблеманы шешуге ұмтылыстың барлығы медицина тілімен айтқанда «жалған диагнозға» негізделіп келді. Расында, құқық қорғау органдары қылмыстармен күресте көңілге жағымды «картина» қалыптастыруға ұмтылып, көптеген жылдар бойы қылмыстың неше түрлерін жасырумен келді және жағдайды мүлдем басқаша көрсетуге тырысты. Соған қарамастан біз сіздермен бірге профилактиканың тиімді жүйесін құруға тырысып келеміз. Алдын алу шараларының әлгіндей тәсілінің түкке пайдасыз болғанын аңғару қиын емес, керісінше біз ондай «аурудың» толық «тарихы» туралы ақпараттан құр қалып келдік», ‑ деді Н. Исаев.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда қылмыстың объективті жағдайын нақты қалыптастыру шаралар жүзеге асып келеді. Сондықтан да қылмыстың шынайы себептерін сараптау арқылы жекелеген қылмыс түрлерінің орын алуын айқындауға болады. «Тек себептерін айқындап қана қоймай, болжамдар жасап, жалпы мемлекеттік және өңіраралық тиімді шаралардың бағдарламаларын әзірлеуге де болады», ‑ деді Бас прокурордың орынбасары.