Қылмыстық әлемнің серкелері Қазақстан аймағында да ықпалдарын жүргізіп, елімізде қылмыстық дәстүрлерді жаңғыртуға дәмелі ? Ішкі істер вице-министрі
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағындағы қылмыстық әлемнің серкелері Қазақстан аймағында да ықпалдарын жүргізіп, елімізде қылмыстық дәстүрлерді жаңғыртуға дәмелі. Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Осыған дейін біз еліміздің аумағында Грузия мемлекетінен келген қылмыстық әлемнің 4 серкесінің ұсталғандығы жөнінде мәлімдеген болатынбыз. Олардың да мақсаттары республикамыздағы бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық ғұрыптарды қалыптастыру болды. Осыған орай біз осындай сырттан келетін қылмыскерлердің жолын кесу үшін бәрін жасап отырмыз», деді
вице-министр. Оның мәліметтеріне қарағанда, қазір Қазақстандағы қылмыстық жағдайға ықпал етуге ерекше ықыласты болып отырған Грузия, Ресей және Қырғызстан мемлекеттерінің қылмыстық топтары болып отыр. Ақпарт құралдарының өкілдерімен кездесуі барысында елдегі қылмыстық жағдайды саралаған Қ.Қасымовтың деректері бойынша, жыл басынан бері республикада 25 мың 670 қылмыс тіркелген. Яғни қылмыстар деңгейі 12 пайызға кеміп отыр. «Жалпы қазір елімізде қылмыстардың көптеген түрлерінің азаю үрдісі байқалады. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыс деңгейі де төмендеді. Бұл қылмыстардың ашылу деңгейі де біршама жақсарып келеді», деді Қ.Қасымов.