Қылмыстық әрекеттерді жасырып қалғаны үшін 15 полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды - апталық брифинг
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың 9 айында полиция қызметкерлері 3 мың 520 қылмысты жасырып қалған.
Олардың 476-сы азаматтардың елде жасалған қылмыстар жөніндегі арыз-шағымдарын қасақана көрсетпеу әрекетіне қатысты болып отыр. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ішкі істер органы қызметкерлері тарапынан жіберілген осы кемшіліктердің әрқайсысы бойынша қызметтік тергеу шаралары ұйымдастырылып, кінәлі азаматтар әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ тағы 15 қызметкер қылмыстық жауапқа тартылып, олардың 3-уі сотталып үлгерген. «Анықталған әрекеттердің бір парасы, яғни 933-і тиісті процессуалдық шешімдердің орындалмауы, ал 2 мың 18-і тұрғындардың шағымдары бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту әрекеттеріне байланысты болып отыр. Осы орайда айта кететін мәселе, Ішкі істер министрлігі есептік-тіркеу тәртібін қадағалау шараларын күшейтті. Министрлік өкілдері жақында прокуратура қызметкерлерімен бірге, Қостанай, Алматы облыстарында тексеру жүргізді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы тексерілуде. Біз қылмыстардың тіркелуін қадағалау мақсатында қатаң әрі ашық саясат жүргізіп отырмыз. Біз үшін ол өте маңызды», деді департамент бастығы.