Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясы Әділет министрлігінің Құқық академиясы болып қайта құрылады
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясы Әділет министрлігінің Құқық академиясы болып қайта құрылады. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталмыш шешім ведомстволық білім жүйесін қайта құрудың аясында қабылданып отыр. Бұл туралы Әділет министрі Рашид Түсіпбеков Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысына арналған республикалық алқа отырысында мәлім етті.
Қазіргі таңда бұл мәселе зерделену үстінде. Егжей-тегжей зерттелгеннен кейін ведомстволық білім жүйесін қайта құру және оқу орнын сала қызметінің түрлі бағыттары бойынша мамандар дайындайтын, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлерді, нотариустер мен сарапшы-криминалистерді, т.б. мамандарды әзірлейтін Әділет министрлігінің Құқық академиясы етіп қайта құру жөніндегі құжаттар дайындалады.
Ал әзірге, қылмыстық-атқару жүйесі үшін мамандар дайындаумен айналысатын академияның басшылығына Комитеттің бұйрығымен заң ғылымдарының докторы Қазбек Уканов тағайындалды.