Қылмыстық-атқару жүйесі мамандарының әлеуметтік жағдайлары көңіл толтырарлық емес - Бас прокурордың орынбасары
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокурордың орынбасары Асқар Секішовтің пікірінше, елдегі сотталғандардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету туралы әңгіме қозғағанда, қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметкерлерді дайындау ісін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен «Құқық қорғау органдарын реформалау кезінде қылмыстық - атқару жүйесінің қызметін жетілдіру» атты дөңгелек үстел отырысында айтты.
А.Секішовтың сөзіне қарағанда, қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ететін мамандарды даярлаумен қатар олардың әлеуметтік және материалдық қажеттіліктерін де естен шығармаған жөн. «Өйткені осы сала мамандарының қазіргі таңда әлеуметтік мүмкіндіктері қылмыстық-атқару саласына біліктілігі жоғары мамандарды тартпақ түгілі, олардың барларының өзін сақтап қалуға мүмкіндік бермей отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары.