Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілуде, ал жас қызметкерлер ант қабылдайды
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Бүгін, Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 64 жылдығы қарсаңында республикамыздың пенитенциарлық жүйе мекемелерінде атаулы күндерге арналған салтанатты шаралар өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ардагерлер одағы кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Жаңаөмір Жамаловтың айтуынша, республиканың қылмыстық-атқару жүйесінде есепте барлығы 4 463 ардагер тұр. Олардың 172-сі ? Ұлы Отан соғысының ардагері, 51 адам - соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 186-сы - тыл еңбекшілері. Жер-жерлерде жүйеде қызмет еткен соғыс ардагерлері мен тыл еңбекшілеріне салтанатты шаралар ұйымдастырылуда, бағалы сыйлықтар табыс етіліп, дастархан жайылуда. ЛА 155/1 мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Орманжан Тоқтиевтің хабарлауынша, Комитеттің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасы ардагерлер үшін «Қазақконцерт» әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырып отыр. Отан қорғаушы күні, сондай-ақ жас қызметкерлер дәстүр бойынша ант қабылдайды. Комитеттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жүйе органдарының офицерлері, прапорщиктері мен сержанттары халыққа және ел Президентіне адал қызмет етуге, Конституция мен заңнамаларды қатаң сақтауға, барлық әрекеттерінде заңдылық пен әділдік қағидаларын ұстануға, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеуге ант береді.