Қылмыстық істерді ізгілендіру аясында медиация институтының жұмысын жандандыру қажет - С. Романовская
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Былтыр еліміздегі соттар аясында 1 мың 200-ге тарта қылмыстық іс медиаторлар арқылы шешімін тапқан. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Еске салайық, комитет отырысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясы талқыланған болатын.
Тоқтала кететін жайт, Кодекс жобасын талқылау барысында депутат Светлана Ромоновская Қазақстандағы медиация мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, елімізде бүгінгі таңда шамамен 2 мыңға тарта кәсіби медиаторлар қызмет етеді. Бұның өзі осындай институттың қоғамдағы кең ауқымды сұранысын айғақтайды. «Соның ішінде ювеналды юстицияда қаралған істердің басым көпшілігі медиация көмегімен шешімін тауып та жатыр. Бұл біздің пікірімізше үлкен прогресс. Сондықтан да, Қылмыстық іс жүргізу кодексінде осындай жұмыстың бәрі реттелуі тиіс. Мәселен, медиторларды түрмелерге кіргізбейді. Оларда арнайы ғимараттар да жоқ. Менің ойымша, қылмыстық істерді ізгілендіру аясында медиация институтының жұмысын жандандыру қажет», - деді С. Романовская. Оның айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық сот өндірісінің тәжірибесінде 1 мың 200-ге тарта істер медиация арқылы шешімін тапқан. «Егер осыдан екі жыл бұрын біздің елімізде әсіресе қылмыстық сот өндірісінде кәсіби медиаторлар жетіспесе, қазір еліміздің әр өңірлерінде жоғары кәсіби деңгейде қызметтер атқаратын медиторлар жеткілікті. Сондықтан да, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында медиаторлар мәселесі де қарастылуы керек», - дейді депутат.