«Қылмыстық кодекс педофилдерді неге мойындамайды?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Алпыс жыл жазылған алып жыр» деген тақырыппен жазушы Роллан Сейсенбаевтың көлемді мақаласы жарияланды. Онда автор Иоган Вольфганг Гетенің «Фауст» поэмасының жазылу тарихы, жалпы шығарманың адамзат баласына берер ойы туралы терең толғанады. Ол Фауст арқылы Гетенің жан-дүниесін зерделей келе, дастанның адамзат баласына қашан да адам болып қалуды аманат қылған күрес дастаны екенін айтады.
Сондай-ақ, «Фаусттың» қазақ тіліне аударылғандығын, және оны аударған Медеубай Құрмановтың биік парасат иесі, үздік аудармашы екенін айта келіп, аударманың Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жарасқан Әбдірашевтің озық аудармалары қатарына қосылатынын тілге тиек етеді.
«Ендігі күшімізді, ендігі қаражатымызды жұмсап, қазақ халқының әдебиеті мен ойының інжу-маржандарын шет тілдерге аударуды жедел қолға алу қажет. Оның ішінде, бүгінгі жас жазушыларымыздың шығармаларын да ұмытпауымыз керек», - дейді Р. Сейсенбаев.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Әлемдік орталық «Ұлы Тұран» болуы мүмкін бе?» деген тақырыппен Төреғали Тәшеновтің зерттеу мақаласы жарық көрді. Онда автор Балқаннан Тынық мұхитына, Оралдан Таяу Шығысқа дейінгі кеңістікті алып жатқан Ұлы Тұран аймағының бүгінгі ахуалына көз жүгіртеді.
«Осынша алып аймақты заманында дүрілдеткен көк түркінің ұрпағы қайта күш алып, «ХХІ ғасыр - Түркі ғасыры» бола ала ма?» - деген сұраққа жауап іздейді.
Ал «Нобель сыйлығы қазаққа қашан бұйырады?» деген мақалада автор Жолдасбек Дуанабай әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иемденген әлемдік жазушылардың қандай еңбектері үшін алғандығын айта келіп, жоғарыдағы сұраққа жауап беруге тырысады.
Оның айтуынша, жуырда ғана Нобель сыйлығын алған қытай жазушысы Мо Яньнің кітаптарының аты анайы болып келеді. «Мысалы жазушының ең соңғы «Үлкен емшек, семіз бөксе» (2004 жыл), «Құрбақа» (2011 жыл) кітаптарының атының өзі адамды біртүрлі күйге түсіреді», - дейді автор.
***
Соңғы кездері елімізде бүлдіршіндерді зорлау фактілері жиі тіркелетін болды. Бұрындары мұндай айуандық аз болды ма, әлде ол туралы айтылмады ма, әйтеуір, көпті көрген шал-кемпірлердің өзі жағасын ұстайтын болып жүр. Өткен жылғы статистикалық деректерге назар аударсақ, тоғыз айдың ішінде 111 дерек тіркелген екен. 2010 жылы ғана біз тоғыз айдың ішінде 84 оқиға орын алғандығын айтып, алаңдаушылық білдірген едік. Енді көп ұзамай, 2012 жылдың қорытындысы шығады. Биылғы көрсеткіш былтырғыдан көп болары түсінікті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі 185 нөмірінде. Мақала «Қылмыстық кодекс педофилдерді неге мойындамайды?» деген тақырыппен берілген.
Мақалада «педофилия», «химиялық жолмен аталықсыздандыру», «стерильдеу», «мәжбүрлі түрде емдеу» сияқты терминдерге елімізде әлі де болса заңдық анықтама берілмегені туралы айтылып, депутаттардың педофилиямен күресудің заңдық негіздерін жасамай келе жатқандығын сынайды.