17:37, 16 Қазан 2013 | GMT +5
Қылмыстық кодекс жобасында әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез-келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделіп отыр
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Парламенттің бесінші шақырылымының үшінші сессиясын салтанатты ашқан кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев заңшығарушылық міндеттердің төртінші маңызды блогы құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және терең реформалаумен байланысты екенін атап өтті. Парламентті Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің жаңа жобаларын қарау жұмысы күтіп тұрғанын айтты. «Шын мәнісінде, Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйесінің әлемдік тәжірибені қолданған жаңа құқықтық негізі қалыптастырылатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі сөзін сабақтаған Елбасы: «Кез келген қылмыс пен заң бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы мен әділдігіне ешкімнің ешқандай да күмәні болмауы тиіс. Сонымен бір мезгілде құқық бұзушыларды еркіне қойып, азаматтардың заңға «жеңіл қарауына» есіркеушілік жасауға болмайды. Жаңа актілерді қабылдау қылмыстық сот өндірісі жүйесін жаңғыртады. Қазақстандық құқық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ететін сапалы деңгейге көтеріледі», - деп атап өткен болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген қылмыстық істерге қатысты кодекстердің жаңа жобалары Үкіметтен Мәжіліске келіп түсті. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында үш кодекстің, атап айтқанда, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстерінің жаңа редакциядағы нұсқалары заң жобаларымен жұмыс істеу өндірісіне алынды. Палата отырысында кодекстердің маңыздылығы туралы Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова айтып өтті. Біріншіден, Қылмыстық кодекс жобасымен іске асырылатын қылмыстық саясатты дамытудың тұжырымды бағыттары бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтеді. Екіншіден, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады деп күтілуде. Кодекс жобасында қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған. Ал криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды. Ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез-келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделіп отыр. Кодекс жобасын қабылдау адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қоғамдық қауіпті қол сұғышылықтан қорғау дәрежесінің жаңа деңгейін сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.