Қылмыстық кодексті ықшамдауымыз керек - Жоғарғы сот төрағасы
АЛМАТЫ. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қылмыстық кодекстегі жеңіл дәрежедегі қылмыстардың бәрін әкімшілік жауапкершілікке көшіру керек.
Бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қазақстан Республикасының қылмыстық саясаты: жай-күйі және оны либерализациялаудың негізгі бағыттары" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Гуманизация деген сөздің өзін қазақы мағынада ізгілік деп айтамыз ғой. Қылмыстық құқықты либерализациялау кезінде алдымен қай бағытта іс жүргізетінімізді белгілеп алуымыз керек. Қазір арнайы құрылған жұмыс тобы осы мәселемен айналысып жатыр. Қылмыстық кодексте қылмыстың көптеген құрамдары бар. Бүгінгі таңда ондай қажеттілік бар ма, жоқ па оны зерттеу керек. Құқықтық мәдениет, құқықтық тәртіп мәселесінде азды-көпті кемшіліктеріміз жоқ емес. Оны ескере отырып, қылмыстық жауапкершілікке тартпастан бұрын Қылмыстық кодекстегі жеңіл дәрежедегі қылмыстардың біразын әкімшілік жауапкершіліке көшіру керек. Әкімшілік жазаға тарту барысында егер ол қайталайтын болса ғана қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қолға алуымыз қажет", - дейді Жоғарғы Сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков. М. Тұрғынбекұлының айтуынша, Қылмыстық кодексте жауапкершілікке тартудың 3 түрлі бағыты бар. Біріншісі, ашықтан-ашық айыптау, екіншісі - жеке айыптау, үшіншісі - аралас айыптау. Жеке айыптауды көбірек енгізіп, Қылмыстық кодексті ықшамдауымыз керек. Біз бұл мәселенің бәрін мемлекеттік органдардың қолына беріп қойғанмыз. Қазір жеке адамның мүддесі бұзылып отырған жағдайда оған мемлекеттік органдардың қол сұға беруі қаншалықты дұрыс деген мәселе күн тәртібінде тұр.