Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады - Бас прокуратура

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту сақталады.

Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының медиа заңнамасын реформалаудың келешегі» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысы барысында сөз сөйлеген ҚР Бас прокуратура институты кадрларды бастапқы дайындау басқармасының басшысы Руслан Тоқтағұлов мәлім етті.

«Диффамация үшін қылмыстық жауапкершілікті жою мәселесі аса маңызды, сонымен бірге күрделі міндет. Дегенмен, біз осы мәселені оңтайлы шешуге көп мән береміз. Бұл бағытта Бас прокуратура 2010 жылдан бері заңнамаларды ізгілендіруді қолға алып келе жатқаны белгілі. Ал Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобасында жала жапқаны және ар намысына нұқсан келтіріп, жәбірлеу секілді екі қылмыстық құрамды қылмыссыздандыру қарастырылған еді. Алайда, өкінішке қарай, жоғары өкілетті орган бұл бастаманы қолдамады», - дейді Р. Тоқтағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Қылмыстық кодекстің қазіргі жобасында бастапқыда аталған қылмыс құрамы қылмыстық айыптар санатында қарастырылып, ол бойынша бұлтартпау түріндегі ауыр жазаны қолданудан бас тарту көзделген. «Өкінішке қарай, Кодекс жобасын ведомствоаралық жұмыс тобындағы талқылауларда бұл бастама тағы да қолдау таппады. Оның ішінде жала жапқаны үшін қаралатын қылмыс құрамы бойынша бас бостандығынан айыру секілді жаза түрі сақталып отыр», - деді Р.Тоқтағұлов.