Қылмыстық-процессуальдық кодекстің жаңа жобасы әзірленеді

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қылмыстық-процессуальдық кодекстің жаңа жобасы әзірленетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.
None
None

«Өткенде еліміздің Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінде, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен Үкіметтің отырысында Қазақстанның Қылмыстық- процессуальдық заңнамасын жалпылама түрде одан әрі жетілдіру мәселесі көтерілген болатын. Осыған орай, біз жаңа Қылмыстық-процессуальдық кодекс жобасын әзірлейтін боламыз. Бүгінгі күні осы бағытта жеткілікті түрде оңтайлы халықаралық тәжірибе қалыптасып отыр. Оның ішінде АҚШ тәжірибесі де жете зерделенді. Мәселен, ол елдегі барлық қылмыстық істердің 90 пайызы кінәні мойындау бойынша келісімшарттар жасасу тәжірибесімен жүзеге асады. Бұдан бөлек, біздің мамандар Грузияда да болып қайтты. Бұл елде де жаңағы тәжірибені пайдалану 80 пайызға дейін жетеді. Осындай тәжірибе арқылы тергеуалды тексеру жүргізу органдары үлкен ауыртпашылықтан құтылатыны да болжанады», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель. Оның айтуынша, жаңа жобамен ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін арнайы құрылған жұмыс тобы жұмыс істейтін болады. Бұған еліміздің белгілі заңгер ғалымдары да тартылмақшы. Ал алдағы уақытта Қылмыстық-процессуальдық кодекстің жаңа жобасын әзірлеуге бағытталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс комитеті талқылаған заң жобасы Қылмыстық кодекстің нақты баптарының санкцияларындағы көпнұсқалықты қысқартуға, қылмыстық қудалау органдарының сотқа дейінгі қызметінің іс жүргізу нысандарының бірі ретінде тергеуалды тексеру жүргізу тәртібін реттеуге әрі қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар