«Қылмыстық процесті оңтайландыру» жобасы аясында істерді тергеу мерзімі қысқарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы аппараты басшысының орынбасары Нұрділдә Ораз өзінің Фейсбуктағы парақшасы арқылы «Қылмыстық процесті оңтайландыру» ілкі жобасын жан-жақты түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта Бас прокуратура тарапынан азаматтардың құқын қорғау, қоғамды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен бастамалар көбейіп келеді. Өкінішке орай, xалыққа ақпарат толық жетпейді. Жетсе де маңызы мен мәні көрсетілмейтін тұстар бар. Осыған орай, мен өзімнің жеке парақшамда аздап ақпарат беріп отыруды ұйғардым»,-  деп жазды ол.

Осы ретте Нұрділдә Ораз «Қылмыстық процесті оңтайландыру» ілкі жобасын жан-жақты түсіндіріп беруге тырысқан.

«Бұл жоба Бас прокуратура және ІІМ-мен бірге 1 ай бұрын қолға алынды. Әзірге Астана мен Ақмола облысының аудандық ішкі істер бөлімдерінде іске асып жатыр. Басты мақсат - сотқа дейінгі айқын, күмәнсіз қылмыстық істерді қарау мерзімін қысқарту. Қарапайым тілмен түсіндіруге тырысайын. Бүгінгі таңда қылмыстық теріс қылықтарды тергеуге және сот шешімін шығаруға 19 күн, жалпы қылмыстар бойынша 2,5 ай уақыт кетеді. Тіпті еш күмәнсіз, айғақтар бар, куәлер көрсетіп, күдікті кінәсін мойындап тұрса да осындай уақыт алады. Мұндай жағдайда қылмыстық процеске тартылғандар - сағаттап сұрақ-жауап беруге, сабылып дәлізде тұруға мәжбүр. Оның үстіне тергеушілер өздерін «сол тағдырлардың қожайыны» сияқты сезінеді. Заң бойынша уақыты асып-артылатынын түсініп, істі сағызша соза бастайды. Азаматтарды әуре-сарсаңға салады», - деді аппарат басшысының орынбасары.

Ол жоба аясында нақты қандай шаралар жүзеге асырылғандығына да кеңінен тоқталып өткен.

«Тергеу процесінде түкке қажеті жоқ бюрократиялық дүниелерді ысырдық. Тергеудің сапасына залал келтірмейтін, керісінше процесті баяулататын меxанизмдер алынып тасталды. Кезекші прокурорлардың жұмысы қайта қаралды. Оларды сол АІІБ-ға отырғыздық. Сол жерден істі қарап, тез арада сотқа жолдауға мүмкіндік ашылды. Бұрын ондай істер прокуратура қабырғасында 10 күнге дейін жататын. Азаматтардың жеке қауіпсіздігі сұрақ-жауап алу үшін шыныдан жасалған кабинеттер ашылды. Процестің бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Олардың бәріне бейнекамералар орнатылды. Енді алғашқы нәтижелерді айтайық. Жоба басталғалы 3 аптаның ішінде істердің 70 пайызы 3 тәулікке дейін тергеліп біткен. Қалғаны әрі кеткенде 1 апта уақыт алған. Сотта қаралатын мерзім де едәуір қысқарды. 6-10 тәулік. Тағы бір атап өтетін жайт, істі тергейтін полицейлердің жұмысына арыз-шағымдар 2 есеге дейін азайған»,-  деді Нұрділдә Ораз.

Соңғы жаңалықтар
telegram