«Қылмыстық топтың «көсемі» халықты қалай алдады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиыновпен арадағы сұхбат «Басты міндет - қазақстандық үлестің басымдығын бекіте түсу» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген компания басшысы: «Айта кететін жағдай, биыл «Қаз­МұнайГаз» он пайыздық үлесі бар то­лыққанды акционер ретінде Қарашы­ғанақ мұнай кен орнына енді. Біз өз ресурстарымызды, өндіруді ұлғайтуды жалғастырып, жаңа жобалар мен учас­келерге шығамыз. Компания таяудағы бес жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстары мақсаттарына 557 млрд. теңге бөледі. Бұл біздің компанияға жалпы бірқатар перспективалы блоктарды зерт­теп, кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл 2016 жылға қарай геологиялық барлау жұмыстары­ның тиімді жүргізілуі есебінен қордың шоғырланған өсімін қамтамасыз етуге жағдай туғызады», - деді.

 

Кеше Алматыда «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында ХІІ есеп берусайлау конференциясы өтті. Билік партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен басқосуда партияның болашақтағы негізгі бағыттары туралы және қолға алуға тиісті жаңа бастамалар туралы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы жаңа үнқатысу алаңы бастамасын қолға алды. Бұл - Алматы сарапшылар клубы. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Партияда кездейсоқ адамдар болмауы керек» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, дәл осы күні партия Төрағасының бірінші орынбасары Алматыда Сарапшылар қауымдастығының төрағаларымен кездесті. Бұл кездесуге еліміздің танымал саясаткерлері мен сарапшылары және зерттеу компанияларының басшылары келді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан баспана салу жөнінен әлі күнге Кеңес кезіндегі көрсеткіштерге қол жеткізбепті. Бұл - кеше «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен келешегі» атты парламенттік тыңдауда мәлім болды. Еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы С.Нокин өткен ғасырдың 80 жылдарында елімізде жыл сайын 7 миллион шаршы метрге дейін тұрғын үй салынғандығын білдірді. Ал кеше таратылған ресми материалдарда былтыр қаржыландырудың барлық көздері бойынша 6,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Әрине, мұнымыз - келмеске кеткен Ке­ңесті аңсау емес, тек Үкіметтің бұл іс­тегі қарқынына қарқын қосуы қажеттігін меңзеу болса керек. Осы парламенттік тыңдауды ұйымдастырған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева да осындай ойда», - деп жазады басылым «Дариға дұрыс айтады» деген тақырыппен берілген мақаласында.

 

«Ақтау қалалық сотының шешімін өзгертпекші болған Жаңаөзен оқиғасындағы іріткі салушы мен арандатушы Козловтың талпынысы ешқандай нәтижесіз аяқталғаны белгілі. Маңғыстау облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы, халықаралық қылмыскер Әблязовтың айтуымен Козловтың жасаған қылмысының ауырлығын негізге алып, оған шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше,  Козлов Жаңаөзендегі қылмыстық ортаға өзінің ықпалын белсенді пай­даланды. Жергілікті тұрғындар ішінен өзіне жаңа жақтастар тапқан ол, «Республика», «Взгляд», «Дат» сияқты ба­сылымдардың халықты ашық күреске шақыратын, экстремистік мате­риалдары бар нұсқаларын қалаға үзбей таратылуын ұйымдастырды. Сондай-ақ Козловтың тікелей бақылауымен мұнайшылар арасына күреске, конс­титуциялық құрылымды құлатуға ша­қыратын үндеу парақтары та­ратылды. Козлов өзінің ақпарат көздері арқы­лы мемлекетке заңсыз қарсылық білдіру акциясына қатысушыларды өз халқына қарсы бағыттады. Әблязовтың бұйры­ғымен Сапарғали, Атабаев және Ма­майдың экстремистік ұйымдасқан қыл­мыстық топтар мүшелерінің Жаңа­өзенге баруын қаржыландырды. Олар­дың міндеттері мұнайшылардың жұмыс берушілермен арадағы еңбек дауын саяси арнаға аудару болды. Мақала тақырыбы - «Қылмыстық топтың «көсемі» халықты қалай алдады?»

***

Кеше, 7 желтоқсан - қасиетті жұма күні, Алматы қаласында халқымыздың даңқты қолбасшыларының бірі, аты аңызға айналып, есімі елге ұран болған, ерлік жорықтары қазақ халқына кең тараған ұлы бабамыз Райымбек батырға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осыған орайда «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санында жарияланған «Елі үшін туған ерді ұлықтау - ұрпақ мұраты» деген мақалада қазақтың бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жеткізіп, іргелі мемлекет болуының берік негізі батырлығы жауда сыналған Райымбектей ерлердің арқасында қаланғаны айтылады.  «Қазақ деген елдің мүлде жойылып кету қаупі төнген қисапсыз шайқастарға тұспа-тұс өмір сүрген ұлы тұлғаның батырлығы да арғы бабасынан тартты. Райымбек батыр төңірегінде айтылатын аңыз көп. Оның батыр, ержүректігінен бөлек, әулие-көріпкел, арқалы адам болғаны жайлы да аз айтылмайды. Тіпті «Райымбек көзге көрінбейді екен. Өзі де, аты да ұшып жүреді екен. Батыр, әулие келе жатқанда қара су қақ айырылады екен» секілді әдемі аңыздар желдей еседі», - деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар