Қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң қабылданды

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын екі оқылым бойынша қарап шығып,

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң қабылданды

құжатты қабылдады.

Аталған құжаттың мақсаты - қолданыстағы заңнаманы ізгілендіру, оны құқықтық мемлекеттің стандарттарына жақындату болып табылады. Бұдан басқа, қабылданған заң бойынша қылмыстық сот ісін жүргізудің репрессиялық сипатын төмендету шаралары да қамтылып отыр.

Құжатқа сәйкес, қоғамға аса көп қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстар қылмыстық сипаттан арылады. Соның ішінде бұндай қылмыс түрлері әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстырыла отырып, оларды жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық күшейтілетін болады. Осыған орай, аталған қылмыстардың сотта қаралу реті де заң шеңберінде нақтылана түседі. Бұдан бөлек, қабылданған құжат бойынша Қылмыстық кодексте алғаш рет әкімшілік преюдиция институты және гаупвахтада ұстау түріндегі жазалар да енгізіліп отыр. Сонымен қатар, қамауға алу шарасы қылмыстық заңнамада көзделген жазалардың қатарынан алып тасталады. Оның орнына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану аясы кеңейе түседі. Соның ішінде айыппұл түрінде жазалар кеңінен қолданылатыны қарастырылады. Ал жекелеген нормалардың санкциялары қоғамдық жұмысқа салу және бас бостандығынан шектеу секілді жазалар түрімен толығады.

Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.