Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі керек. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды. Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажет.
«Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек», - Қасым-Жомарт Тоқаев.