Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру әкімдіктердің қарауына өтеді

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру әкімдіктердің қарауына өтеді.
None
None

Бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында Елбасының «Қазақстандағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бойынша жүргізіліп жатқан реформаға тоқталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет осылай мәлім етті.

«Елбасы жарлығына орай, бірқатар функциялар министрліктің қарауына өтеді. Атап айтқанда, атқарушылық құжаттарды орындау, жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналған мүлікті есепке алу, сақтау қызметтері министрлікке өтеді. Бұдан бөлек, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі, сондай-ақ арнаулы қабылдау орындарында әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жазаны орындау функциялары да әділет органдарына беріледі. Ал Әділет министрлігінің қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру, жүзеге асыру функциялары жергілікті атқарушы органдар қарауына берілетін болады», деді Е. Ерімбет.

Оның айтуынша, Сот әкімшісінен Әділет министрлігіне барлығы 2 мың 97 бірлік беріледі. Оның ішінде 22 бірлік Сот әкімшілігі комитетінен берілсе, 2 мың 75 бірлік аумақтық органдардан берілетін болады. «Жарлықтың ережелерін іске асыру мақсатында Әділет министрлігі басқа да уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар шаралар атқаратын болады. Атап айтқанда, бас бостандығын шектеуге сотталғандардың, шартты түрде сотталғандардың, шартты түрде мерзімінен бұрын соттталғандардың тиісінше жүріп-тұруын, оның ішінде электрондық құралдарды кеңінен пайдалана отырып бақылаудың нысандары мен әдістерін жетілдіруге баса назар аударылады», деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар