«Қылмыстылық картасы» интернет порталы құрылуы тиіс - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Қылмыстылық картасы» интернет порталы құрылуы тиіс. Бүгін Ақордада қайта жасақталған Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені көтерді.
«Ұлттық ақпараттық жүйе негізінде құрылатын «Қылмыстылық картасында» елімізде жасалған барлық қылмыстар орналастырылатын болады. Ондағы қылмыстар оқиға орын алған мерзім бойынша бір апта өтпей жатып сайтта жариялануы керек. Бұл қоғамдық бақылауды қамтамасыз етіп, ішкі істер органдары қызметінің ашықтылығын, тиімділігін арттырады» , - деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтардың әлеуметтік бейімделу мәселесіне де назар аударды. Елбасының айтуынша, бұл бағытта әлеуметтік бейімдеудің кешендік стратегиялары қабылданып, ондай санаттағы азаматтар үшін арнайы қызметтер стандарты әзірленуі керек.
«Бұндай шара бізде жоқ. Сондықтан да, босап шыққандар, сол жаққа қайта барып жатыр», - деді Н. Назарбаев.