Қылмыстың алдын алу мақсатындағы байқап көру қызметі енгізілетін болды
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байқап көру қызметі
мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізіліп, қабылданды.
Заң жобасының мақсаты сотталған адамның жүріс-тұрысын одан әрі түзету, жаңа қылмыстар жасауының алдын алу және жәбірленушіге залалды өтеу үшін оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсете отырып, оған қатысты бақылауды жүзеге асыру үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесінде байқап көру қызметін енгізу болып табылады. Құжатқа сәйкес мұндай бақылау шартты түрде сотталғандарға қатысты сот айқындаған мерзім ішінде енгізіледі.
Бұл ретте заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және 5 заңға түзетулер енгізу көзделген болатын.
Құжатты екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, заң жобасының пробация қызметін Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесіне енгізу туралы ережесі толықтырылды. Қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару заңнамасының нормалары нақтыланды.
Бұдан бөлек, түзеу мекемелеріне пошта жөнелтілімдері арқылы тыйым салынған заттарды беруге ұмтылғаны үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту қарастырылды. Сонымен қатар, ішкі істер органдарына жеке тұлғаларды күзету жөніндегі өкілеттіктерді беру ұсынылған.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.