Қымбат әшекейлерін сатуға шыққан: Мақтааралда із-түзсіз кеткен әйел жайлы тың деректер шықты

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы жоғалған әйелге қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат полицияға сілтеме жасап.

Қымбат әшекейлерін сатуға шыққан: Мақтааралда із-түзсіз кеткен әйел жайлы тың деректер шықты
Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

Жоғалған Г.Нарджигитованың туыстарынан сұрау барысында оның құны 1 млн теңгеден асатын алтын бұйымдарды сатуға шыққаны анықталды.

Содан әйелдің 1 тәуліктен астам хабар-ошарсыз жоғалғаны күмән туғызды. Сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Жоғалған әйелді іздеу шараларына облыс полицейлері жұмылдырылды.

Оның ішінде Мақтаарал АПБ-ның барша жеке құрамы, көрші полиция бөлімдерінің қызметкерлері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жеке құрамы бар.

«Егер сізде жоғалған Гүлсім Нарджигитова туралы қандай да бір ақпарат болса, Мақтаарал АПБ-ға 8-725-41-21-2-02, 8-747-541-62-56 немесе 102 телефондарына хабар беруіңізді сұраймыз. Бұл факті Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында» дейді полиция.

Еске сала кетейік, біз кеше Түркістан облысында 38 жастағы келіншек жоғалып кеткенін жазған едік.