«Қымыз бен шұбат - ұлттың ұлы тағамы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қымыз бен шұбат - ұлттың ұлы тағамы» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Қымыз бен шұбат - ұлттың ұлы тағамы» атты айқарма қос бет беріліп отыр. Басылымның жазуынша, кез келген елдің мемлекеттілігі нығайған сайын оның ұлттық өнімі алдыңғы сапқа шығуы тиіс. Егер бізде келер ғасырларға сарқылмай жететін ұлттық өнім қайсы десек, ол - қазақтың қымызы мен шұбаты. Парламент мінберінен ұлттық құндылығымыздың құжаттық әлеуетін арттырып, қымыз бен шұбат туралы заң шығару жөнінде қозғалған мәселе де заман талабынан туындаған ұсыныс.

Осы тақырыпқа байланысты газет журналисі ­ Қазақ тағамтану акаде­миясының пре­зиденті, академик Төрегелді Шармановпен сұхбаттасқан екен. Сұхбатта қымыз бен шұбат туралы көптеген ойлар айтылып, маман өз пікірлерімен бөліседі. «Қазақтың «құрт» ауруы атайтын - туберкулезге қарсы сау­мал мен қымыздан басқа жасайтын ем-шарасы болмаған. Әрине, мен денсаулық сақтау саласының маманы ретінде қы­мыздың пайдалы тұстары туралы баспасөз, теледидар арқылы көп жылдар бойы ұдайы сөз қозғап келемін. Кешегі Кеңес заманы тұсында халқымыздың дәстүрлі тағамдары төңірегінде біздің Қазақ тағамтану академия­сында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіп, қоғамның қажетіне қымыздың пайдалылығы туралы ғылыми дәлелдерді ұсындық», - дейді ол.

Бас басылымның алғашқы беттері елімізде өткен Сенат сайлауының қорытындыларына қатысты топтама маетриалдармен ашылған.

Ал «Нұрлы жол - болашаққа жол» деген арнайы бетте респбуликамызда көліктік инфрақұрылымдық жобалардың барысы жайлы баяндайды. Газет жазғандай, «жол азабын тартқан біледі». Кеңес Одағы тарағаннан кейін тұрымтай тұсына, балапан басына кетіп, ел еңсесін жиғанша талай дүние іргесі сөгілді. Әсіресе, қалааралық, аудан мен ауылдардың арасын байланыстырып тұрған жолдардың ойқы-шойқы күйге түсіп, адам аяғын тығып алатындай, көлікпен жүруге мүмкін болмайтындай жағдайға жеткенін ел көрді. Соның салдарынан жұрт жол азабын тартты. Дегенмен ел еңсесін тез тіктеді. Экономикалық құрылым қайта жасақталды. Елге инвестициялар келе бастады. Жүйелі жұмыстың арқасында қара жолға да мән беріле бастады. Президент бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы көлік инфрақұрылымының жүзеге асырылуына ұйтқы боды.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында « Маңғыстау облысының қарқынды дамуына барлық мүмкіндіктер бар» деген мақала басылды. Газеттің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, өңірдің кәсіпкерлерімен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Президент сапар барысында Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын жүзеге асыру барысымен танысты.

Мемлекет басшысына сондай-ақ Каспий теңізіндегі порттың, транскаспийлік бағыттың және Маңғыстау облысының көлік торабының инфрақұрылымын дамыту турасында баяндалды. Сонымен қатар еңбек ұжы­мының өкілдерімен әңгіме­лескен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның теңіз қақпасы ретіндегі маңызы өсе беретін портқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты.

- Астраханьда өткен саммитте Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Каспийдің экологиясын сақтау және осы су қоймасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын көптеген жайттар шешілді. Осының бәрі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және ол бүкіл Каспий маңы өңірінің әрі қарайғы дамуына серпін береді, - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы басылымның жазуынша, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің шын мәнінде жағдайы тығырыққа тірелген сияқты. Тбилисидің «Алиа» газетінің жазуына қарағанда, экс-басшы бүгінгі таңда АҚШ-та жүр. Бірақ...

Анық болғаны, АҚШ билігі Михаил Саакашви­лиге саяси баспана бермей­тін сияқты. Бұ­рын туристік мәртебемен жүр­ген экс-президент енді оны жұмыс­шы визасына ауысты­руы мүмкін. Мақала «Саакашвили қайда жүр?» деген тақырыппен берілген.

«Алиа» газетінің жа­зуына қарағанда, Саака­швилидің Ақ үйде қолдау­шысы қалған жоқ. АҚШ-тың қазіргі прези­денті Барак Обамаға оның тіпті қажеті шамалы болып тұр. Мә­селенің анық-қанығы жақын уақытта белгілі болып қалуы мүмкін. Бірақ БАҚ өкілдеріне бел­гілі болғаны, 20 қыркүйек күні Михаил Саакашвили жұмыс­шы виза алу туралы тиісті орындарға өтініш берген. Осы уақытқа дейін ол Тафтса уни­верситетінде студенттерге дә­ріс оқып келген. Алайда атал­ған жоғары оқу орны онымен келісімшартты үзген. Қазіргі таңда ол АҚШ-тағы достары­мен жиі араласып, өзінің қыз­меттік өмір жолы туралы ме­муар жазу үстінде. Бірақ Грузия билігі Интерпол арқылы Са­ака­швилиге іздеу жариялады. Оған «2007 жылы Тбилисиде адам өлімі болған наразылық шеруін қуып таратты. Соны­мен қатар «Имеди» телеор­талығына қысым жасады» деп айып тағылды. Біраз уақыт бұрын оның әйелі мен анасының және әжесінің мүлкі кәмпес­келенді. Ал Михаил Саака­швили ешуақытта Грузияға келмейтінін жария етті. Оның ойынша, грузин билігі тағып отырған айыптың барлығы да «қолдан жасалынған».