«Қымыз сапырып, құрт қайнатқан...» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астана қалалық әкімдігінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру барысында жастарды рухани-адамгершілікке және патриотизмге тәрбиелеу мәселелері жөнінде жиын өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, жоғары оқу орындарының проректорлары және студент жастар қатысты.
Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен қалалық әкімдік жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған басқосуға қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асырудағы жастардың әлеуеті, діни экстремизмге қарсы әрекет жасаудағы жастар ұйымдарының рөлі, отбасылық, ұлттық дәстүрлердің маңызы сынды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, олар жас жеткіншектерді рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін негізгі құрал - ұрпақтар сабақтастығы жайында сөз қозғады.
Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынованың айтуынша, мемлекеттің дамуында жастардың рөлі ерекше. «Сондықтан ертең елдің тұтқасын ұстайтын жастардың тәрбиесіне бүгін жауапкершілікпен қарауымыз керек», - дейді Л.Құсайынова.
Өз кезегінде «Әлем әйелдерінің достық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Яннат Низамутдинова тарихын, тілін, ділін білетін, оны құрметтейтін адамның ешқашан адаспайтынын айтып, жастар тәрбиесіндегі отбасылық және ұлттық құндылықтардың маңызына кеңінен тоқталды. Ал «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Ескендір «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруда мақсат-мұратын айқындаған жастарға да тең мүмкіндік берілгенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында жастардың өздігінен білім алуы назарға алынып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігі сөз болды. Жиын соңында қатысушылар барлық баяндамалар мен айтылған пікірлердің негізінде Астана қаласындағы этномәдени бірлестіктерге, ҚХА-ның ғылыми-сараптама тобына, Аналар кеңесіне, Қоғамдық келісім кеңесіне және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ұсыныстарын жариялады. Онда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жастардың әлеуетін тиімді пайдалану, жастар ұйымдары арқылы этникааралық қатынастарды нығайту, жас ғалымдардың мүмкіндіктерін елдің игілігіне жарату сияқты тетіктер қарастырылған. Бұл туралы «Жастар тәрбиесі жаңаша сипат алады» деген материалда берілген.
Бас басылымда «Су басу қаупін болдырмау» деген материал басылды. Семейде Ертіс өзені деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Түйемойнақ аралы мен Шығыс кентіндегі Әбдуәли, Ақ жол, Жібек жолы сынды бірнеше көшені су басу қаупі бар. Мұндай ескертуді бірнеше күннен бері төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға хабарлай бастады. Алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдері мен құтқарушылардан құрылған екі топ, тиісті ескертулер жазылған қағаздарды аулаларға таратқан. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға дыбыс зорайтқышы бар 2 автокөлік жұмылдырылған. Тұрғын Бауыржан Жолдыбалин де ескерту қағазды алдық, қадағалап дайын отырамыз дейді.
Айта кету керек, Семейдегі Шығыс кентінде қыс ортасында өзен деңгейі көтеріліп екі жыл бұрын тұрғын үйлерді су басқан болатын. Ол кезде тұрғындар түнделетіп қауіпсіз жерге көшірілген. Мұндай жағдай тағы қайталануы мүмкін, дейді мамандар. Сондықтан, төтенше жағдай қызметінің мамандары тұрғындарға ескерту жасап, арнайы хабарламалар таратып жатыр. Телеарналар арқылы да ескерту берілді. Жағдай ушығар болса тұрғындар көшуге дайын.
Қазір тиісті мекеме мамандарынан жедел штаб құрылған. Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков арнайы келіп, жағдайды көріп, тапсырмалар берді. Мамандардың айтуынша, қатты аяздан су деңгейі көтерілген. Ертіс арнасының кей жерлеріне мұздың көптеп қатуы, су ағысын тежеген. Шығыс кентіндегі жағдай қазір қатаң бақылауда. Кезекшілер су деңгейінің мөлшерін 2 сағат сайын өлшеп отыр. Әзірге ол 2 сантиметрге төмендеген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанның ірі индустриялық және экономикалық дамыған аймақтарының бірі - Кереку өңірі. Сонымен қатар бұл аймақта отандық өнімнің дамуына үлес қосып жүрген бірнеше ірі шаруа қожалығы бар. Соның бірі - «Сағып» шаруа қожалығы.
«Сағып» ШҚ-да 140 биеден тәулігіне 1500 литр қымыз өндіріледі. Тіпті қожалық жылқының тезегін де кәдеге жаратып отыр. Тезектен тыңайтқыш жасауды бастады. Одан бөлек, құрт өндіруді қолға алған.
- Өндірісті қолға алмас бұрын, мониторинг жасап көрдім. Құрттың өтімділігі қалай болатынын зерттедім. Құдайға шүкір, елге ұнап жатыр, сұраныс мол екен. Содан кейін осы кәсіпті бастауға бел будым. Бұрын әжелеріміз құртты қолмен сығып дайындайтын еді ғой. Ал біздің құрттардың бәрі жоғары технология бойынша, автоматты түрде жасалады. Пішіні эстетикалық жағынан тартымды, құнарлығы мол болып келеді. Қазір күніне 50 келі құрт шығарып жатырмыз. Келісін 2000 теңгеден өткіземіз. Құрттың өзінің түрі көп: тәтті, қышқыл болып бөлінеді. Сұраныс та мол. Әсіресе, Астана мен Павлодардан алушылар көп. Тіпті Ресей мен Қытайдан да қызығушылық танытып жатыр, - дейді «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова. Бұл жайында «Қымыз сапырып, құрт қайнатқан...» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Ақтауда роботтандырылған дәріхана ашылды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Еліміздің Батыс өңірі бойынша аймақта алғаш рет роботтандырылған дәріхана ашылды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева қатысып, шағын және орта бизнестің дамуы елдегі ілгерілеген тұрмыс пен тұрғындардың экономикалық белсенділігі екендігін атап өтті. Бүгінде елдегі бизнес құрылымдарын әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жаңа форматтағы дәріхананың төменгі қабатында қойма, үстіңгі қабатында фармаркет орналасқан. Бұл жерден балалар мен ересектерге арналған дәрілердің бірнеше түрін кездестіруге болады. Басты ерекшелік - бұрынғыдай кезек күтпей, қажетті дәріні роботтандырылған құрылғының көмегімен 5-10 секундтың ішінде алып, уақытты үнемдейсіз.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Ғарышты дамыту - уақыт талабы» атты мақала жарияланды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарыштық технология дайындау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі. Оның бір дәлелі күні кеше аспан әлемін бағындырып келген ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұшу бағдарламасына енген «Кулонов плазмалық кристалы» тәжірибесі. «Кулонов плазмалық кристалын» университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі деуге болады.
Осы еңбектің авторы, профессор Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша, ғарышта алынған нәтижелер ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге тамаша мүмкіндік сыйлайды екен. Міне, осы тәжірибені жүзеге асырған қазақтың үшінші және «Қазғарыш»-тың тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов былтыр Халықаралық Ғарыш Бекетіне (ХҒБ) жасаған сапарына байланысты жуырда ҚазҰУ-дың студенттерімен кездесті. Кездесу өте жоғары деңгейде өтті.
Студенттердің ғарыш саласына деген қызығушылықтары аса зор екенін олардың Айдын Айымбетовке қойған неше алуан сауалдарынан білуге болар еді. Осы кездесу университет студенттеріне үлкен серпіліс пен жоғары көңіл күй сыйлады. Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов өзінің сөйлеген сөзінің арасында: «Қазақстан «космостық» державаға айналып келеді. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы салада білікті мамандар дайындап, үлкен ғылыми жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда университет деңгейінде жасалған қазақтың алғашқы «Фараби 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Алдағы уақытта салмағы 50 келі болатын микроспутникті ғарышқа жөнелту жоспарда бар» деп университеттің Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті. Халық қаһарманы кездесу барысында ҚазҰУ-дың ғарыш саласында жеткен жетістіктерімен танысып, нано-лаборатория мен ғылыми-техникалық паркті, «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады.