«Қымыздан жасалған балмұздақ» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қымыздан жасалған балмұздақ» - баспасөзге шолу

***

Жуырда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев­тың төрағалығымен минис­трлік пен комитеттің бір­лескен отырысы болып өтті. Сол жиында еліміздің ұлт­тық спорт федерация­лары басшыларына, облыс әкімдерінің орынбасарларына елімізде спортты қаржыландырудың жаңа моделінің тұжырымдамасы таныстырылды. Осы орайда жаңа модельдің ерекшеліктері жайлы «Егемен Қазақстан» газеті Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы бас директорының орынбасар­ы Серік Қасқабасовпен болған сұхбатты ұсынып отыр.

«Конфедерацияның қызметі елімізде жоғары жетістіктер спор­тының кешенді дамуына ықпал етуге бағытталған. Сон­дықтан біз осы саладағы біраз мәселелерді зерттеп, оның анық-қанығын ұғынуымыз қажет. Бы­лайша айтқанда, «спорттық бюджетпен» танысқаннан кейін, Конфедерация төрағасы Тимур Құлыбаев өңірлерді аралап, түйт­кілді мәселелердің себеп-сал­дарын анықтауды тапсырды. Осы жылдың мамыр-мау­сым айларында біз еліміздің бар­лық аймақтарында болып, спорт­тық нысандар мен арнайы мамандандырылған мекемелердің тыныс-тіршілігімен таныстық. Облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары ­, жергілікті федерациялар, жаттықтырушылармен кездестік. Жергілікті спорт басшылармен өткен кездесулер ашық, диалог түрінде болды. Осы сапарлардың қорытындысы бойынша қазіргі қолданыстағы спорт жүйесінің жетілмегендігінің себептері белгілі болды. Өңір­лерде спорт түрлері бойынша бюджет қаржысы тиімсіз әрі әділетсіз жүргізіледі. Бөлінетін бюджет қаржысының басым бөлігі футбол, хоккей сияқты спорт түр­лері бойынша кәсіби клубтарды қаржыландыруға жұмсалады. Олим­пиада медальдарын әкелетін спорт түрлері, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спорты назардан тыс қалып отыр. Былайша айтқанда, оларға шелектің тү­біндегісі беріледі»,-дейді Серік Сейітұлы. Бұл сұхбат «Спортты қаржыландырудың жаңа моделі -тұрақтылық пен табыс кепілі» деген тақырыппен берілген.

Бас басылымда «Қымыздан жасалған балмұздақ» атты материал басылды. Қ ырғызстан астанасы Бішкек қаласында қымыздан жасалған балмұздақты сату басталды. Ол осы ел бас шаһарында өткен отандық өнімдер мен тауарлардың этнокөрмесі кезінде тұсауын кесті.

Балмұздақтың қымыздан жасалған ерекше түрін «Бал Аяз» компаниясы Италия жабдығы бойынша шығарған. Ол мұны табиғи өнімдер мен таза қымызды қосу арқылы дайындаған. Ал компанияның негізін студенттер қалаған екен. Компания өкілі аталмыш жабдық бойынша балмұздақтың алуан түрін жасап шығуға болатынын айтты. Айталық, олар тап осылайша сникерстен, қиярдан және сүзбеден балмұздақтар жасап көріпті.

Көрмеде сондай-ақ, тез дайындалатын ет тамағы да келушілер назарына ұсы­нылған. Негізінде, жұрттың ықыласын басқаларға қара­ғанда осы балмұздақ пен қазақы ет айрықша аударған.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Шымкентте «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда - әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық әйелдер форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысты. Басқосуды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жүргізіп отырды.

Салтанатты жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы әлемнің көп елдерінде жағ­дайдың күрделі және тұрақсыз екендігін айта келе, отбасылық-демографиялық саясат, өскелең ұрпақтың репродуктивті ден­саулығы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне және әйелдерді қоғамдық-саяси ілгерілету мәселелеріне ерекше тоқталды. Мемлекеттік хатшы­ның айтуынша, гендерлік саясат жөнінен Қазақстан әлем бо­йынша 42-орында, нәзік жанды­лардың саясатқа араласуы жағынан Қостанай облысы рес­пуб­ликада көш бастап тұрғанын атап өтті. - Елбасы «Мәңгілік ел» де­ген ұғымды халық жадына бекерден-бекер салып отырған жоқ. Оның маңызы тереңде. Елбасының осы идеясын сол «Мәңгілік елге» жету үшін та­рихымызды тү­гендеп, хал­қы­мыздың болашақ­та қандай болуы керектігін қа­дап айтқан тапсырмасы деп ұға­мын. Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғы жо­ғары деңгейде тойланып жатыр. Ол - біздің Ұлы мемлекет еке­німізді айқындайды. Ел­басының «Баршаға арналған қазіргі за­манғы мемлекет - 100 нақты қадам» міндеттемесі ұлты­мыз­дың игілігі үшін қалтқысыз қыз­мет ететініне сенім мол. Оңтүстік Қазақстан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясын­дағы міндеттерді атқару үшін қажетті ресурстарға ие және ол үшін барынша күш жұмсауға дайын екенін атап өткім келеді, - деді облыс әкімі. Толығырақ « Әйелдердің әлеуеті әлсіз емес» атты мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Әрбір айтыс бірлік пен берекенің мерекесі» деген мақала жарияланды. «Нұр Отан» партиясы мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздік Күні қарсаңында Алматы қаласында ұйымдастырылған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының қорытындысы бойынша брифинг өтті.

Билік партиясының баспасөз орталығында «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли, Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істер департаментінің басқарма басшысы Рига Онаева және «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының гран-при иегері, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Сөз басын жиналғандарды атамұра өнеріміздің ЮНЕСКО-ның шешімімен әлемдік мәдени мұралардың тізіміне енгізілгендігімен құттықтаудан бастаған Б.Уәли Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты республикалық ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өткенін атап көрсетті.

- Нұр Отан» партиясы Доктринасының басым бағыттарының бірі ұлттық құндылықтарды дамыту және дәріптеу болып табылады. Бүгінгі күні қоғамда суырып салма ақындар институтының мәдени-әдеби және саяси рөлі артып келеді. Жас әрі талантты айтыскерлердің қатары көбеюде. «Нұр Отан» партиясы айтыстарда көтерілген әлеуметтік мәселелерді шешуге, оны қоғамның бірлігін бекемдеуге пайдалануға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде үздіксіз жалғаса береді, - деді ол.

Өз кезегінде Ж.Ерман айтыс өнерін ЮНЕСКО - ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстар осыдан біраз бұрын басталғанын баяндады. Сөз арасында Ж.Ерман келесі жылы халықаралық және республикалық деңгейде 4 ақындар айтысы өтетіндігін жариялады.

***

Қазақстан адамзаттың ұлы миграцияларының Атласын құра алады, деп мәлімдеді ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Иерусалимге сапары қарсаңында «Экспресс К» тілшісіне берген сұхбатында. Аталған елде бүгін «Ежелгі тарихтағы ұлы миграциялар» атты бесінші халықаралық конференция ашылады. Бұл жоба ЮНЕСКО қамқорлығымен жүзеге асырылуда. Осы жайында толық білгілеріңіз келсе, «Арсеналы должны оставаться под замком» атты сұхбатты оқып шығыңыздар.