«Қымыздың отаны саналатын Қазақ елінде қасиетті сусынның қадірін білмей отырғанымыз өкінішті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 тамыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Алматы әуежайына тұманды Альбионның төріне ту тіккен толағай ұл - Илья Ильин мінген ұшақ кеше іңірде келіп қонды. Олимпия ойындарының екі дүркін чемпионын күтіп алуға асыққан жұртта қисап болмады. Ағылшын жеріне сеніммен аттанып, жеңіспен оралған батыр ұлды халқы төбесіне тік көтеріп, қаһарманға лайық құрметін аямады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Алматы алып ұлды қарсы алды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, сонау 1999 жылдан бері көбесі бұзыл­май тұрған әлемдік рекордты жаңалап, қазақтың әлеуетін танытқан Илья Ильинді қарсы алуға еліміз Парламентінің және Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, қала әкімінің орынбасары, сондай-ақ көптеген БАҚ өкілдері бастаған топпен бірге чемпионның туыстары, алыстан арнайы келген қалың жанкүйер қауым салтанатты түрде гүл шоқтарымен жиналды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан қаза тапқандарды еске алуға арналған 67-ші бейбітшілік шарасына қатысып, Жапонияның Премьер-министрі Есихико Нода және басқа да мәртебелі қонақтармен бірге Хиросима Мемориал бағында орнатылған кенотафқа гүл қойды. Сапар барысында Елші Жапония Парламенті Кеңесшілер пала­та­сының Президенті Кенджи Хирата мен Өкілдер палатасы Спикері Такахиро Йокомичимен кездесті. «Жапон саясаткерлері Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау режімін ны­ғай­ту мен ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосып отырған ерекше үлесін жоғары бағалайтындарын айтты», - деп жазады басылым. Мақала «Қазақстанның үлесі атап өтілді» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында биология ғылымының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітовпен арадағы сұхбат «Қымыздың отаны саналатын Қазақ елінде қасиетті сусынның қадірін білмей отырғанымыз өкінішті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Якутияда қымыз өндіру туралы арнайы заң қабылданған. Ал Германияда 50 жылдан бері бие сүтін өндірушілердің мемлекеттік одағы жұмыс істп келеді. Сонымен бірге Бельгия кондитерлері қымыздан шоколад жасап шығара бастады. Осы күні қымыз неміс халқының да сүйікті сусынына айналып үлгерген», - дей келіп, қымыздың отаны саналатын Қазақ елінде қасиетті сусынның қадірін білмей отырғанымызға өкініш білдірген.

***

«Көше базарының басы-қасында қариялар отырады. Бірде жастардың «Абайды» саудалап тұрғанын көріп, бұрылып қараған едік. Сөйтсек, «Абай нос» деп аталатын насыбай екен. Қап-қара пакет ішіндегі «құс саңғырығының бағасы арзан», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Насыбайға «Абай нос» деп ат қойған» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, насыбай пакетінде «Абай нос» деп жазылғаны болмаса, шығарылған жері, мекен-жайы туралы еш мәлімет жоқ.

 

«Айқын» газетінің жазуынша, Сириядағы саяси ахуалға байланысты мұндағы Қазақ елінің азаматтары елге оралып жатыр. Қазіргі күні бұл мемлекетте 150-ге жуық қазақстандық тұрады. Олардың көпшілігі жергіліті тұрғындармен тұрмыс құрғандар. Сонымен қатар жерлестеріміздің арасында 70-ке тарта кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер бар. «Соңғы ақпаратқа сәйкес олардың 70-і елге оралды. Қазір үш отбасы елге қайту жөнінде арыз жазып, көмек сұрап жатыр», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Орталық аппараттың қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Нұрлан Нығматулин мүмкін­дігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі заңдық деңгейде қолға алынатындығын атап өтті. Ал, «Жас депутаттар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Олег Толкайлов «Табысқа апаратын жол» атты жастардың шағын іс бағдарламасына қолдау көрсе­тіл­се деген ұсыныспен келді.

Соңғы жаңалықтар