Кёрлинг: Қазақстан командасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде тағы жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Шотландияның Абердин қаласында ерлер арасында кёрлингтен әлем чемпионатына іріктеу турнирі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстан ерлер құрамасы үшінші ойында Аустриямен шеберлік байқасып, 7-4 есебімен басым түсті. Команда сапында Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Аллияр, Мадияр Қорабаев пен Дмитрий Гарагуль өнер көрсетеді.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық құрама алғашқы матчта Данияны жеңсе (5-3), кейін Түркиямен ойнап, есе жіберді (3-6). Алда А тобында Қазақстан Норвегия, Испания, Мексика және Гонконг құрамасымен кездеседі.
Іріктеу турнирі нәтижесінде 16 құраманың арасынан алтауы 2027 жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.
Осыған дейін Қазақстанның 15 конькишісі әлем кубогында ел намысын қорғайтынын жаздық.