«Қырағы көз» қазақ тіліндегі қателерді анықтамақ

АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры және «Нұр Отан» партиясының бастамасымен елорда бойынша «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясындағы «Қырағы көз» айлығы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Халық тұтынатын тауарларда қазақ тіліндегі мәтіндердің қателерін анықтауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік тілді бұрмалауды әшкерелеп, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қорының директоры Азат Шәуеевтің айтуынша, жақында елордадағы дүкендердің бірінде «Мясо для детей» деп аталатын тауардың қазақ тіліндегі нұсқасын «Балалар еті» деген аудармамен сатылып жатқандығы анықталды. Бұдан басқа қазақ тіліндегі этикеткаларда грамматикалық және стилистикалық қателер көптеп кездеседі. Ал Ресейден келетін кейбір тауарларда қазақ тіліндегі бірде бір нұсқаулар берілмей жатыр. «Бір айға жалғасатын акцияға барлық азаматтар қатыса алады. ол үшін қазақ тілінде қате жазылған этикетка-нұсқауларды көптеп жинап, «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық бөлімшесіне тапсыру қажет. Осы бастамаға қатысқан алғашқы 20 азамат Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры тағайындаған арнайы сыйлықтарға ие болады», - дейді А.Шәуеев.

Кор басшысы атап көрсеткендей, отандық заңнамаға сәйкес халық тұтынатын тауарлардағы ескерту-нұсқаулар мәтіндеріне Стандарттау және сертификаттау комитеті, сондай-ақ Тіл комитеті жауапты.

Айта кетейік, «Қырағы көз» айлығының қорытындысы қазан айында жарияланады. Оған дейін қатесі бар тауарларды Тәуелсіздік көшесі, 3 мекен-жайы бойынша орналасқан «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық бөлімшесіне тапсыруға болады.

Соңғы жаңалықтар