Қырғыз азаматтары қаза болған дәріге біз жауап бере алмаймыз - Тамара Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз азаматтары қаза болған дәріге біз жауап бере алмаймыз. Бұлтуралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды.
Айта кетейік, Қырғызстан прокуратурасының хабарлауынша, аталған елдің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Фтизатрия ұлттық орталығының Қазақстанның «Инфекцияларға қарсы препаратар ұлттық орталығы» акционерлік қоғамымен ФС-1 дәрілік затын клиникалық сынақтан өткізуге келісімшарт жасасқан. Осыдан кейін олар өкпе ауруына шалдыққан 54 науқасқа осы дәріні берген. Соның салдарынан дәрі 10 науқасқа кері әсер етсе, 2 қырғыз азаматы қаза тапқан.
«Жалпы, дүниежүзінде әрбір жеке кәсіпкерлер, жеке дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорындар өздерінің жаңа препараттарын шығаруы мүмкін. Бірақ ол препаратты азаматтарға беру үшін бірнеше жыл зертханалық, клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Ал енді клиникалық зерттеулер жүргізілген кезде дәріні шығаратын мекеме мен дәріні клиникалық зерттеуден өткізетін мекеме арасында келісімшрат болады. Ол ерікті түрдегі шарт, әрбір клиниканың өз шешімі бойынша беріледі. Бұл екі мекеме ортасындағы қарым-қатынас. Яғни, олар жеке кәсіпкерлік, жеке мекеме. Сондықтан біз бүгінгі таңда жасалынып жатқан барлық препаратқа жауап бермейміз. Ал өз мемлекеттімізде онда дәріні клиникалық зерттеуден өткенін, дәлел базасы бар екендігін тексеріп қана аламыз»,- деді министр.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басында елімізде бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мекеменің өздері шығарған дәрі-дәрмегін Германияға апарып көрсеткендігі жөнінде ақпарат болған.