Қырғыз еліндегі су ресурстарының аздығы қобалжу туғызып отыр - Энергетика министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қырғызстанмен энергожүйесіндегі электр энергиясының тапшылығы алаңдаушылық туғызады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай мәлім етті. Еске салайық, брифинг 2014-2015 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысына арналған болатын.
«Біздің паралелль режімдегі жұмысымыз біршама қобалжу туғызып отыр. Бұл негізінен көршілес Қырғыз еліндегі су ресурстары жинақталуының тым аздығына байланысты. Атап айтқанда, Нарын-Сырдария ЖЭС каскадында, соның ішінде Тоқтағұл ЖЭС-інде су аз жиналған. Соған байланысты қырғызстандық энергожүйе бойынша энергия тапшылығы 2 млрд кВт/сағатқа дейін болады деп топшалаймыз, бұның өзі қырғыз энергожүйесіне қарай энергияның айтарлықтай ағыны болатынын байқатады», - деді вице-министр. Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстанның салалық министрлері арасында осы проблемаға қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. «Жалпы тағы айтайын, бұл мәселе негізінен табиғи факторларға байланысты, яғни Қырғызстан тау массивтерінен жинақталатын судың тым аздығына байланысты болып отыр. Ағымдағы жылы судың жиналуы адам алаңдататындай аз болып отыр», - деді Б. Жақсалиев.